Мобильді операторлардың бірін  «Қазақтелеком» құрамынан шығару үшін тағы бір жыл керек – Бағдат Мусин

Жарияланды
Мобильді операторлардың бірін «Қазақтелеком» құрамынан шығару тағы бір жылға созылады / Қазақтелеком

Kcell немесе Tele2 мобильді операторларының біреуін «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының құрамынан шығару рәсімі келесі жылға қалды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

«Бұл рәсімге негізінен бір жылдан үш жылға дейін уақыт кетеді. Бірақ «Қазақтелеком» бұл тапсырманы келер жылы орындауы керек деп есептеймін. Себебі тапсырманы премьер-министр беріп, мемлекет басшысының бақылауында екені белгілі»,– деді Мусин.

Ол «Қазақтелеком» активтері сатылмас бұрын, инвесторлар тексеру шараларын жүргізетінін айтты. 

Ол Kcell және Tele2 компанияларының қайсысы ұлттық компания құрамынан шығарылылатынын айтудан бас тартты. Алайда ол екі компанияның да тексеруден өтіп, бағаларды анықтап жатқанын айтты.

«Екеуі де тексеріліп жатыр, біреуі нақты сатылымға шығады. Алайда мен сатылымға шығатын компанияны атасам, оның бағасына әсер ететін болады», – деді министрі.

2023 жылдың маусымында Қазақстан мобильді байланыс операторларының бірін «Қазақтелеком» құрамынан шығару мәселесі талқыланып басталған.

Сондай-ақ оқыңыз