Қазақстанда жалақы төлемеген кәсіпорындарға 170 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанда жалақы төлемеген кәсіпорындарға 170 млн теңге айыппұл салынды

Қазақстанда еңбек инспекторлары жалақы төлемеген жұмыс берушілерге 1224 ұйғарым беріп, 170 млн теңгеден астам сомада айыппұл салған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтты.

Оның айтуынша, биыл 940 кәсіпорын 24 мың қызметкерге 6,3 млрд теңгеден астам қарыз екені анықталған. Арнайы комиссияның жұмысынан кейін 22 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалып, оларға 5,4 млрд теңге өндіріліп алынған. Ал 1 900 қызметкер 34 кәсіпорыннан 910 млн теңге қарызды әлі алмаған.

«8936 еңбек бұзылысын анықтадық. Оның 6600-і еңбек саласына, 2094-і еңбек қауіпсіздігіне, 242-сі жұмыспен қамтуға қатысты болды. Жұмыс берушілерге 3741 ұйғарым беріліп, 400 млн теңге көлемінде 2 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды. 799 істі құқық қорғау органдарына тапсырдық, оның 114 бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Оспанқұлов.

Брифингте жалақысы төмен жұмыскерлердің ереуілге шыққаны да айтылды.

Оспанқұловтың сөзіне сүйенсек, биыл республика бойынша 15 кәсіпорында ереуіл болған. Қызметкерлердің жалақыны көтеру, «Қазмұнайгаз» еншілес және тәуелді ұйымдарының штатын ауыстыру, сыйақы төлеу, еңбек жағдайын жақсарту және жалақыны индекстеуді талап еткен.

Комитет ереуілге көбіне мұнай-газ, металлургия, тау кен және коммуналдық кәсіпорын ұйымдары мен оларға қызмет көрсетуге байланысты сала жұмыскерлері шығатынын айтты. Бұл ереуілдер Қазақстан заңын сақтамай, стихиялы түрде болғандықтан, оларды заңсыз деп тану туралы 5 сот шешімі шыққан.

Бұдан бөлек, комитет төрағасы биыл 11 мыңнан астам жұмыс беруші ірі және орта кәсіпорындарда жұмысшылардың жалақысы 5%-дан 50% аралығында көтерілгенін айтты. Жалақысы көтерілген жұмыскерлер саны – 2,9 млн. 

Осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 21,7 млн жұмыскердің құқығы қорғалғаны туралы ақпарат таратқан.

Сондай-ақ оқыңыз