Әлихан Смайылов ХҚО-дағы ұзын-сонар кезекті сынап, электронды үкімет порталындағы олқылықтарды жоюды тапсырды

Жарияланды
Электронды үкімет қызмет көрсету 6 есе артқан / gov.kz және primemministr.kz

Биыл электронды форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 93%-ға, ал смартфон арқылы алатын электронды қызмет саны 6 есеге артқан. Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. Дегенмен, министрдің бұл есебіне Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың көңілі толмаған секілді. Өйткені ол халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек болатынын сынға алды.

«Жалпы, биыл  қызметтердің 93% электрондық түрде көрсетілді. Былтырмен салыстырсақ, тек смартфон арқылы алатын қызметтердің саны биыл 6 есеге өсті. Kaspi, Halyk сияқты танымал қосымшаларда 50-ден астам қызмет көрсетіледі. Олардың саны 33 миллионға жетіп, 3 есе өсті«, – деді министр Үкімет отырысында.

Министр сонымен бірге азаматтардың жүгінуін күтпей, айтқызбай, мемлекеттің өзі ұсынатын қызметтер яғни проактивті қызметтердің дамығанын айтты. Бүгінде елімізде мұндай 40 түрлі қызмет көрсетіледі. Мәселен, жылына 400 мыңға жуық бала туса, қазір олардың 68%-ына қызметтер проактивті-онлайн форматта ұсынылады.

Мусин Bigdata мүмкіндіктерін де қолданып жатқанын, бүгінгі күні 6,3 млн отбасының деректері цифрландырылғанын айтты. Жалпы цифрлық дамуы жағынан Қазақстан дүниежүзі бойынша алдыңғы орындардан көрінген.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісі бойынша онлайн- сервис көрсету жағынан Қазақстан дүние жүзінде 8-орында. Ал, «Электрондық үкіметті» дамыту бойынша 28-ші орындамыз. Әрине, біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Жұмысты одан әрі жетілдіре береміз», – деді министр.

Дегенмен мұндай жетістіктердің артында кемшіліктердің де бар екенін жасырмады.

«Бірақ бір үлкен проблема бар – ол базалардағы қателер. Әлихан Асханұлы, әр органға тапсырсақ: өзіне жүктелген базадағы деректерді тексеріп, шындыққа сай келтірсе», – деген өтініш білдірді ол.

Мұндай кемшіліктерге Үкімет басшысы да тоқталды. Электронды қызмет көрсетуді дамыту азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды факторы екенін айта келе:

«Бұл салада рейтингтер мен жетістіктердің жоғары болғанына қарамастан, ерекше назар аударуды қажет ететін факторлар бар. Мәселен, электронды үкімет порталында білім туралы құжаттарды тану, тұрғын үй көмегін тағайындау, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту сияқты мемлекеттік қызметтердің 22 түрін алуға әлі мүмкіндік жоқ. Азаматтар мәліметтердің дұрыс еместігін айтып шағымданады. 10 ай ішінде қате мәліметтерді түзетуге 56 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл түрлі дерекқорларды біріктірген кезде жұмыстың дұрыс болмағанын көрсетіп отыр. ХҚКО-дағы ұзын сонар кезекке де халық наразы. Бірыңғай қоңырау шалу орталығымен де байланысу қиын»,–деді үкімет басшысы.

Министр алдағы уақытта цифрландыруды жалғаса түсетінін, ал келесі жылдан бастап зейнетақы тағайындау процесі өзгертіліп, мүлдем жаңа форматта жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар жұмысқа тұру кезінде талап етілетін 12 түрлі анықтама жойылып, интернетке қосылу, декларация тапсыру, балабақшаға кезекке тұру сияқты жаңа жобалар әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз