2023 жылы ҚТЖ түсімі 2 трлн теңгеге жетеді. Бұл жайлы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев айтты.
«2023 жылы ҚТЖ кірісі шамамен 2 трлн теңге болады деп күтілуде. 2020 жылдан бастап компания тұрақты түрде оң қаржылық нәтижеге ие. 2023 жылдың 10 айында 139 млрд теңге мөлшерінде таза пайда алынды. Соңғы үш жылда Компания өндірістік персоналдың жалақысын көтеруге 241 млрд теңге бөлді. Тек ағымдағы жылдың өзінде өндірістік қызметкерлер жалақысы екі рет көтерілді: қаңтар және наурыз айларында – 5% және 15%-ға өсті»,– деді ҚТЖ басшысы.
Ол сонымен бірге жүк тасымалының артып келе жатқанын, ҚТЖ жүк айналымын 2023 жылы 274 млрд тонна-километрге дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын, мұның рекордтық көрсеткіш болатынын айтты.
«Ағымдағы жылдың 10 айында жүк айналымы 7,2%- ға өсіп, 224,2 млрд тонна-километрді құрады. Негізгі өсімге экспорттық және транзиттік тасымалдар есебінен қол жеткізілді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда астық экспорты 32%- ға артты. Темір рудасы мен химиялық заттарды тасымалдау да осы шамада болды. Жыл соңына қарай ҚТЖ рекордтық көрсеткішке жетуді және жүк айналымын 274 млрд тонна-километрге дейін арттыруды жоспарлап отыр», – деді ҚТЖ басшысы.
ҚТЖ өткен жылы да рекорд орнатып, 252 млрд тонна-километр жүк тасымалдап, жүк айналымы тарихында рекордтық көрсеткішке жеткен. 20 жыл ішінде бұл көрсеткіш екі есе артқан. Бұл логистиканың өзгеруіне, тасымалдау ауқымының ұлғаюына және тау-кен металлургия өнімдерінің экспортының өсуіне байланысты мүмкін болған.
Сонымен бірге Сауранбаев алдағы үш жыл ішінде ҚТЖ 1300 шақырымнан астам темір жол салатынын мәлімдеді.
«ҚТЖ 4 ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруда. 2025 жылға дейін 1300 шақырымнан астам теміржол салынады. Өткен жылдан бастап Достық – Мойынты теміржол учаскесін жаңғырту белсенді жүргізілуде. Қолданыстағы желі бойымен екінші жолдар салынады, олардың іске қосылуы учаскенің өткізу қабілетін 5 есе арттырады. Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы басталды, ол Алматы торабы жүктемесін 40%-ке түсіреді және транзиттік жүктерді жеткізу уақытын қысқартады 25 қарашада Сарыағаш – Ташкент учаскесінің жүктемесін азайтатын Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы басталады. Желтоқсан айында Бақты-Аягөз теміржол желісінің құрылысын бастау жоспарлануда. Жаңа тармақ Қытай бағытындағы жүк ағынын арттырады»,– деді ол.