Рейдерлік және Әлия Назарбаевамен серіктестікке қатысты «Қазақстан темір жолы» басшысы не дейді?

Жарияланды (жаңартылды )
«Қазақстан темір жолы» Әлия Назарбаевамен байланысын үзді ма / коллаж: kursiv.media

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын рейдерлік жолмен тартып алу мәселесі мен ҚТЖ-ның Әлия Назарбаеваға тиесілі компаниямен серіктестігіне қатысты пікір білдірді.

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер ҚТЖ басшысынан Көлік және коммуникация академиясына қатысты Гүлзана Серікованың президентке үндеуі туралы сұрады.

«Акдемия басшысы осыған дейін президентке үндеу жолдап, онда сіздің және сіздің қызметкерлеріңіздің өзіне қысым көрсетіп жатқаны туралы айтты. Ол сізді рейдерлік жолмен өз бизнесін ьартып алды деп айтаптады. Акдемияны қызыңызға бергелі жатқаныңызды айтты. Бұл оқиғаны бүкіл ел естіді. Бірақ не сіз, не сіздің қызыңыз үндеуге қатысты пікір білдірмедіңіздер, не терістемедіңіздер»,- деді журналист.

Сауранбаев рейдерлік жолмен тартып алмағанын, барлығы сотпен шешіліп жатқанын мәлімдеді.

«Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы – транспорт инженерлерін дайындайтын орын. Бұл жер теміржолшылар үшін альма-матер саналады. 2018 жылы академия жекешелендірілді. Жекеге берілмей тұрып, сатып алушыларға шарттар қойылған болатын. Оған сәйкес, академияны иеліктен шығаруға, қайта тіркеуге, кепілге қоюға шектеулер қойылды. Бұл шектеулердің тең жартысын сатып алушы бұзған. Ал акционердердің назарды басқа арнаға бұру үшін осындай тәсілдерді пайдалануы бұл оқиғаның заңдық тұрғыда тиімсіздігін көрсетеді. Біз бүгінде Жаңа әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Біз сотқа жүгініп, барлығын сот шеңберінде шешуге тырысамыз. Біз барлық сотта жеңдік. Қазігі уақытта екінші сот жүріп жатыр. Ол сот академияның қазіргі акционерлерінің алаяқтық әрекеттеріне қатысты жүргізіліп жатыр»,- деді ол.

Сонымен бірге журналист оның беделіне осы оқиға нұқсан келтіргенін, қызметкердердің қол жинап, оның отставкаға кетуін талап еткенін айтты. Осы орайда ҚТЖ-ның «Қаңтар оқиғасынан» кейін еш реформаланбағанын, қызмет көрсету сапасының жақсармағанын, пойыздардың кешігіп жүретінін де сынға алынды.

«Компанияда 115 мың адам жұмыс істейді. Солардың ішінен небары 900 қызметкердің қарсы дауыс жинағанын өз басым ҚТЖ-ның нәтижелі жұмысының көрсеткіші деп білем. Бұл үлкен компания. Үлкен компания болғаны себепті оған үлкен қаражат керек. Мұндай алпауыт компанияны бір мезетте өзгерте қою оңай емес. Сәйкесінше, бұл жауапкершілік бізге артылады. Соңғы үш жылдағы ҚТЖ кірісін қараңыз. Компания жақсы табыстарға қол жеткізді. Жұмысшылардың жалақысы көтерілді, локомативтер сатып алып жатырмыз. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз компанияның жетістіктері туралы үнемі жариялап тұрамыз. Бірақ оны ешкім көрмейді. Сіздің айтып отырғаныңыздың барлығы орынды. Біздің түзететін кемшіліктеріміз көп. Жолаушы тасымалдау мәселесіне қатысты да көп сын айтылады. Біз мұның барлығын болашақта түзеуге тырысамыз», деді ол.

Ол сонымен бірге ҚТЖ-дағы жемқорлық мәселесін қозғап өтті. Компанияның жемқорлыққа қатысты жаманаты тарихи оқиғаларға байланысты шығып кеткенін айтты. Осы орайда компанияны бұрынғы тарихи жаманатынан тазарту мақсатында компанияда аудит жүргізілгенін, болашақта қызметкер мен жолаушы арасында жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында барлық процестер цифрландырылатынын айтты.

Журналист КТЖ-ның әлі де Әлия Назарбаеваға тиесілі Instant Payments компаниясымен серіктестікті не себепті бұзбағанын сұрады. Сауранбаев компания акционерлігінен Назарбаеваның шығып кеткенін алға тартты.

«Осы мәселе туындаған кезде бұл адам акционерліктен шықты. Ол адам жоқ. Біз ол компаниямен келісімді бұзуымызға да болар еді. Бірақ ол жағдайда ҚТЖ-ның онлайн сатып алу функциясы істемей қалады. Сондықтан оны жұлып алып тастауға келмейді. Қазіргі таңда ашық сатып алу конкурсы өтті. Бұл қызметті басқа компания ұтып алды. Қазіргі таңда Instant Payments бұл қызметті жеңіп алған компанияға ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз