Уран бағасы 15 жылда алғаш рет 80 доллардан асты

Жарияланды
Уран бағасы 15 жылда алғаш рет 80 доллардан асты / shutterstock

Уран бағасы 15 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет бір фунт үшін 80 доллардан асты. Бұған ядролық энергияға деген қызығушылықтың артуы мен әлемдегі геосаяси жағдай себеп болып отыр.

Bloomberg ақпаратына сәйкес, уран бағасы сатылымға бір фунт үшін 80,25 доллармен шыққан. 2011 жылы Жапонияның «Фукусима» АЭС-та болған апаттан кейін алғаш рет уран бағасы осынша шарықтап отыр. Себебі осы апаттан кейін көптеген елдер АЭС салу туралы жоспарларынан бас тартқан.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін жағдай біржола өзгерді. Әртүрлі елдер шығыны аз ядролық энергияны тиімді энергия көзі ретінде қарастыра бастады. Еуропа елдері Ресей газынан бас тарту үшін реакторларының қызмет мерзімін ұзартса, Қытай атом флотының құрылысын қарқынды жүргізіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, VI Шығыс экономикалық форумының планерлық отырысына қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикаға АЭС қажет екенін айтты. Кейін АЭС салу туралы шешім жалпы ұлттық референдумда қабылданатыны белгілі болды.

Биыл 5 қазанда Энергетика министрлігінде өткен отырыста Қазақстандағы АЭС құрылысына Ресей, Оңтүстік Корея және Франция елдерінің компаниялары қызығушылық танытып отырғаны айтылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз