«Қазақтелеком» кірісін 6 пайызға арттырды

Жарияланды
«Қазақтелеком» жалпы табысын 504 млрд теңгеге жеткізді / Фото: kursiv.media

2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» кірісін 6 пайызға немесе 30 млрд теңгеге өсіріп, жалпы 504 млрд теңгеге жеткізді. Бұл жайлы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жазылған.

Мұндай көрсеткіштерге компания қызметінің негізгі сегменттері: тіркелген және ұялы байланыста кірістің артуы себеп болған. Нәтижесінде EBITDA 3,2%-ға артса, сатудан түскен табыс та 3,2%-ды құраған.

Қаңтар-қыркүйек айларында оператордың таза табысы 0,7%-ға өсіп, 89,3 млрд теңге болды. «Қазақтелеком» мұндай нәтижелерді 5G жиіліктерін енгізуге қатысты ірі жобаларға жұмсалатын шығындардың артуымен байланыстырады. Оған қоса, өткен жылдың соңында Қазақтелекомға тиесілі екі компания – Mobile Telecom Service (Tele2 және Altel брендтері) және Kcell (Kcell және Activ) Қазақстан тарихындағы жиілік диапазондары ойнатылған алғашқы аукционның жеңімпаздары атанды.

«Жүргізілген консервативті саясаттың және операциялық қызметтің жақсаруы, бизнес-процестердің жетілдірілуі және тұтастай алғанда шығындарды оңтайландырудың нәтижесінде біз үшінші тоқсанды жақсы нәтижелермен аяқтадық деп ойлаймын», – деді компанияның қаржы директоры Людмила Атамұратова.

«Қазақтелеком» сондай-ақ ескірген жабдықтар мен технологияларды ауыстыруды жалғастырып келеді, атап айтқанда, компания ескі мысты технологиялардан заманауи оптикалық технологияларға көшіп жатыр.

Жақын арада «Қазақтелеком» құрылымындағы операторлардың бірі жеке инвесторға сатылуы мүмкін. Бұл жайлы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты. Ол операторды жеке инвесторға сату мәмілесі 2024 жылға жоспарланып отырғанын, қазіргі таңда Mobile Telecom Service және Kcell де «тиісті тексеру процедуралары» жүргізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз