Тұрғын үймен қамту осы қарқынмен жүргізілсе, кезекте тұрған отбасылар саны бірнеше жылда 1 млн-ға жетуі мүмкін – депутат

Жарияланды (жаңартылды )
тұрғын үй
Жылыны 2 пайыздық бағдарламамен кезекте тұрған 640 мың адамның 1,5% ғана тұрғын үй ала алады /Фото: kursiv.media

Мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау бойынша арнайы әзірленген заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. 2021 жылғы 31 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген заң жобасы реттеліп жатқанымен, баспанамен қамту қарқыны сол қалпы баяу. Бұл мәселені мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев көтерді.

Тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты баяандама оқыған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға қатысты мәліметтерге тоқталып, кезекте тұрған 646 мың азаматтың 232 мыңы тізімнен шығарылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 96,1 мың адамда соңғы 5 жылда тұрғын үйі болған, 533 адамның азаматтығы жоқ, 91,4 мың адамның тіркеу орны кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді, 29 мың адамда мүлде тіркеу жоқ, ал 15,6 мың адам кезегіне жетпей қайтыс болып кеткен.

«Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс тиімсіз түрде жүргізілгенін көрсетеді. Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан осы күнге дейін 21 607 кезекте тұрған адам кезектен шығарылды»,- деді министр.

Министрдің бұл мәлімдемесіне депутат Елнұр Бейсембаев өз уәжін айтты.

«Бұл Заң жобасын сіздің алдыңызда бұрынғы министр Өскенбаев таныстырған. Сіз бүгін дәл сол екі жарым жыл бұрынғы репликаны қайталап тұрсыз. Ол да сол кезде 240 мың кезекте тұрған адамды тазалаймыз деген болатын. Олардың бәрін бұлай тазалай салу мүмкін емес. Өйткені мен осыған дейін тұрғын үй басқармасында жұмыс істеп көрген адаммын және кезекте тұрған ол азаматтардың кезекте тұруға заңды құқының бар екенін білем»,- деді ол.

Депутат, министр азайтуға тырысып жатқан тізімнің жыл сайын өсіп жатқанын, үймен қамтылған отбасылар санының мардымсыз екенін, бұл салаға қаражат өте аз бөлінетінін айтты.

«Осы 3 жылға жуық уақытта кезекке тұрған адамдардың саны 480 мыңнан 640 мыңға өскен. Шамамен 200 мың адамға артып отыр. Бүтіндей бір облыстың халқына тең. Бұл көрсеткіш өкінішке қарай жыл санап өсіп жатыр. Осылай жалғаса берсе, алдағы бірнеше жылда кезекте тұрғандар саны 1 миллионнан асып жығылатын түрі бар. Ал мемлекет жыл сайын небары 9-10 мың ғана пәтер береді. Оған соншалықты көп қаражат бөлінбейді. Оған қоса, бүгінгі таңда елімізде бірде-бір мемлекеттік ипотекалық бағдарлама жоқ. Иә, заң жобасын жақсарттық делік, бірақ кезекте тұрған адамдардың мәселесі сол күйі шешілген жоқ. Менің ойымша мұндай тәсілмен шешіле қоюы екіталай. Сіз осы мәселені қалай шешуді ұсынасыз? Біз тұрғын үй саласына республикалық бюджет есебінен қаражат бөлу мәселесін қарастыра аламыз ба? Мүмкін жемқорлардан түскен қаражатқа әлеуметтік тұрғын үй салу керек шығар»,- деді депутат.

Шарлапаев әлеуметтік осал топтарға 2 пайыздық несие берілетінін айтты. Ол ипотекалық баңдарламалар жоқ дегенмен келіспеді.

«Мұндай бағдарламалар мүлде жоқ деп айтпас едім. Ондай бағдарламалар бар. Ол бағдарлама бойынша көп балалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға 2 пайыздық мөлшерлемемен баспана беріледі. Бұл бағдарламаға 32 млрд теңге бөлінген. Бұл шамамен 3200 қарыз алушыға беріледі. Ал кезекте тұрған мүгедек балалары бар отбасылар саны 25 мың. Яғни бұл мәселені шешуге болады»,- деді министр.

Алайда бұл мәселе дәл мұндай қарқынмен шешілмейтінін айтты депутат.

«Қазіргі таңда кедейлік шегінен төмен, әлсіз топтардан кезекте тұрғандар саны 250 мың адамды құрайды. Сіз жалпы кезекте тұрғандардың 1,5% туралы ғана айтып тұрсыз. Ал сіз айтып тұрған 25 мың адамның отбасында мүгедек балалары бар. Бірақ бұл 2 пайыздық несиені көпбалалы отбасылар да алатынын ескеруіміз керек. Оның өзінде біз оларға 18 млн теңге көлемінде ғана несие бере аламыз. Ол ақшаға 1 бөлмелі пәтер ғана аласың. Қанат Бисембайұлы бұл салада үлкен проблема бар екенін мойындауыңыз керек және сіз ұсынып отырған тәсілдердің ешқайсысы ны шешуге көмектеспейді. Өйткені депутаттарға халық көбінесе, әлеуметтік тұрғын үй мәселесімен жүгінеді»,- деді депутат.

Ал Шарлапаев мұндай үлкен проблеманың бар екенін мойындады. Кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтуды тездету тәсілдерін қарастыратынын айтып, мемлекеттің бұл мәселені шешуге барын салатынына сендірді.

Еске сала кетсек, аталмыш заң жобасына сәйкес «Отбасы банк» ұлттық даму институты болып қайта құрылуы мүмкін. Ондай жағдайда тұрғын үйге есепке қою, тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жергілікті атқарушы органдары емес, «Отбасы банк» атқаратын болады.

Бірақ депутат Отбасы банкке толықтай әкімдік функцияларын беріп тастауға қарсы. Банк қызметкерлері мемлекеттік қызметкерлер секілді құзыретті еместігін, халық ол жерге басқа да мұң-мұқтаждарымен жүгінетінін айтты. Бірақ жемқорлық тәуекелдерін азайтуға Отбасы банкке кейбір функцияларды берген жөн деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз