Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын француз компаниясы салады – Сәтқалиев

Жарияланды
Қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын француздар салады / shutterstock және Асқар Ахметуллин

Францияның Total компаниясы Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салады. Аталмыш келісімді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәжіліс депутаттарына таныстырып, төменгі палата келісімді ратификациялады.

ЖЭС салуға шамамен 820 миллиард теңге инвестиция тартылған. Болашақта станцияда қосымша 3,6 млрд кВт/сағ жасыл энергия өндіріледі деген жоспар бар.

«Арнайы келісімнің мақсаты – Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздерін орнықты даму саласындағы ірі жобаларды әзірлеп, іске асыру. Келісім шеңберінде Жамбыл облысындағы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясының жобасын салу жоспарланған», – деді министр.

Министрдің айтуынша, жоба аясында 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны, 2500-ге дейін уақытша жұмыс орны құрылмақ.

Айта кетейік, Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапары аясында қос мемлекет басшылары екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруды және тереңдетуді жалғастыруға уағдаласқан.

Осы сапар аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Францияның ірі уран өндіруші компаниясы Framatome компаниясымен де келісімге келген.

Макронның Қазақстан мен Өзбекстанға сапарын Bloomberg басылымы Францияның уран жеткізуді кеңейтуге деген ұмтылысы деп бағалаған. 

Сондай-ақ оқыңыз