Көмір экспортына айрықша құқық алған қандай компаниялар? Фото: kursiv.media
Қазақстан көмірін экспорттауға 33 компания айрықша құқық алады. Бұл туралы Үкіметтің «Жекелеген көмір түрлері экспортына айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы» қаулысында жазылған.
Құжатқа сәйкес, тас көмір, лингит, брикеттер, шекемтас және тас көмірден алынған қатты отынның ұқсас түрлерінің экспортына айрықша құқық беріледі.
Сонымен қатар осы көмір түрлерін экспортқа шығара алатын компаниялар тізімі бекітілген.
Олардың қатарында «SatKomir» тау-кен компаниясы» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы, «Евроазиалық энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамының филиалы – «Восточный» кеніші», «Қаражыра» акционерлік қоғамы, «Майкубен-Вест» акционерлік қоғамы, «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамы, «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамы, «Asia FerroAlloys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сынды компаниялар бар.
2022 жылы Қазақстанда 114 млн тоннаға жуық көмір өндірілсе, соның 32,5 млн тоннасы экспортқа жөнелтілген.
Қыркүйек айында көмірді автомобильмен экспорттауға салынған тыйым уақыты ұзартылып, сұйытылған газ экспорты шектелген болатын.
Тамыз айының соңында сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов елімізде көмір қымбаттағанын мәлімдеген болатын.
«Қазір 9,1 млн тонна көмір қажет. Оның 2 млн тоннасы жеткізілді. Кей бөлігі қоймада сақталып тұр. Көмірдің бағасына келсек, қазір көмір шығаратын орындарда «Шұбаркөл» көмірінің бағасы – 7 570 теңге. «Қаражыра» көмірі – 9 мың теңге, «Майкубен вест» көмірі 6 700 теңге, «Шұбаркөл премиум» көмірі 9 мың теңге. Былтырмен салыстырғанда баға 7-10%, 15%-ға қымбаттаған. Үш жылға дейін көмір өндірушілерде баға өзгермеген», – деді Тұрар Жолмағамбетов.