Ұлттық банк «ҚазМұнайГаз» компаниясының 122 млн акциясын сатып алады

Жарияланды
Шығарушы редактор

2023 жылғы 26 қазанда Самұрық-Қазына мен Ұлттық банк «ҚазМұнайГаз» компаниясының 122 024 мың дана жай акциясын сатып алу-сату шартын жасасты. Мәмілені жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл туралы ҚМГ-ның қаржы есебінде жазылған.

Ұлттық банктің валюта нарығы туралы қазан айындағы ақпараттық хабарламасында  республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған.

Сосын Ұлттық банк компания акцияларын сатып алуға қазан айында нақты 500 млрд теңге жұмсағанын хабарлады. Ұлттық банк бұл шара Үкімет шешіме негізінде жасалып отырғанын айтады. Осыған дейін Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық банк қордың 1,3 трлн теңге активін қолданып, «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуы туралы шешім шығарған.

Ұлттық қордың активіне сатып алынған 7,69 акцияға Қаржы министрлігі иелік етеді.

Компанияның таза табысы азайған

Ұлттық компанияның қаңтар-қыркүйек айларындағы таза пайдасы 18,3%-ға төмендеген. Былтыр 9 айда $2 532 млн таза пайда тапса, биыл үш тоқсанда пайда 2 млн доллардан сәл ғана асқан. Компания табысына өндіріс көлемінің артуы да әсер ете алмаған.

«Бірлесіп бақылауға алынатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар кірісіндегі үлесті ескергенде, компанияның таза пайдасы 1 161 млрд теңгемен ($ 2 532 млн) салыстырғанда 949 млрд теңгені ($2 095 млн) құрады», – делінген есепте.

Қазақстан қор биржасында жарияланған аралық қаржы есептілігіне сәйкес, түсім 6 087 млрд теңгені ($ 13 439 млн) құраған. 2022 жылғы 6 776 млрд теңгемен ($14 774 млн) салыстырғанда 10 пайызға аз.

Компания өз есебінде кірістің төмендеуіне биыл Brent маркалы мұнай орташа бағасының 22,2%-ға төмендеуі кері әсерін тигізді деп жазады.

Түсімнің азаюына «Теңізшевройл» ЖШС-нен түсетін пайданың 243 млрд теңгеге ($520 млн), «Маңғыстау Инвестментс Б.В.» компаниясынан 16,1 млрд теңгеге ($ 34 млн) және Каспий Құбыр Консорциумы пайдасының 16 млрд теңгеге ( $33 млн) азаюы салдарынан 27,4%-ға төмендеуі себеп болған.

EBITDA көрсеткіші де төмендеп, 1 680 млрд теңге ($3 708 млн) көлемінде қалыптасты.

ҚМГ-ның таза табысымен қатар, қарызы да азайған. 2022 жылдың желтоқсанындағы 2 143 млрд теңге таза қарызы болса, қазір оның оның көлемі 2 084 млрд теңгені құрайды.

9 айда шығын да артқан

Биыл компания шығыны 4,7 пайыз артып, 865 млрд теңгені (1 910 млн АҚШ долл) құраған. Тасымалдау және сату бойынша шығыстарға 176 млрд теңге жұмсалған.

«Бұл көрсеткіштің өсуіне KMG Kashagan B.V. бойынша сату көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ KMG International-дің мұнай өнімдерін сату көлемінің ұлғаюы себеп болды», – делінген есепте.

Жалпы және әкімшілік шығыстар 11,8%-ға ұлғайып, 117 млрд теңгеге жеткен.

Компанияның күрделі шығындары 52%-ға ұлғайып, 494 млрд теңгеге жеткен. Бұған «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «ҚМГ Қарашығанақ» ЖШС-де ұңғымаларды бұрғылауға және «Өзен-Атырау-Самара» құбырларының учаскесін ауыстыруға, сондай-ақ «Астрахань-Маңғыстау» магистральды су құбырын реконструкциялау мен кеңейтуге жұмсалған шығын себеп болған.

Қаңтар-қыркүйек айларында мұнай және газ конденсатын өндіру 9% өсіп, 17,5 млн тоннаға жеткен. Ал мұнай тасымалдау 7,8%-ға артып, 59,4 млн тоннаны құраған. Соның ішінде 14,9 млн тонна мұнай өңделген.

Былтыр жыл соңында «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның IPO-сы кезінде компания акцияларының 3%-ы орналастырылды. 2023 жылдың 9 қарашасындағы жағдайға сәйкес, компания акциялары төмендегідей бөлінген:

  • «Самұрық Қазына» – 79,73% 
  • Ұлттық банк – 9,58%
  • Қаржы министрлігі – 7,69%
  • Миноритарлы акционерлер – 3,00%
Сондай-ақ оқыңыз