Бірнеше адаммен бірігіп, өзіне тиесілі емес пәтерді сатқан күдікті азамат Латвиядан елге экстрадицияланды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, 2016 жылы күдікті өзіне тиесілі емес пәтерді сатқан топ құрамында болған. Ол пәтерді сатып алушыға 12 млн теңге залал келтірді деген күдікке ілініп отыр.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Бас прокуратураның және ІІМ Интерпол қызметкерлері қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын Латвия Республикасынан экстрадициялады», – делінген хабарламада.
Халықаралық іздеуде болған күдікті қазір Астана қаласының тергеу изоляторында отыр. Бас прокуратура, аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін бас прокуратура қаржы пирамидасын құрды деген күдіктіні Грузия аумағында ұстаған болатын. Оны елге қайтару туралы жұмыс жасап жатыр.