«ArcelorMittal Теміртаудан» ешкім ешнәрсе тартып алған жоқ – Скляр

Жарияланды
«ArcelorMittal Теміртаудан» ешкім ешнәрсе тартып алған жоқ – Скляр / ArselorMittal

ArcelorMittal компаниясы Қазақстанды сотқа бере алмайды. Керісінше, Қазақстан билігі компания жұмысынан көптеген кемшілік тапқан. Бұл туралы Сенат кулуарында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.

Скляр журналистің «АрселорМиттал» өндірісті тартып алды деп Қазақстанды сотқа бере ала ма деген сауалына: «АМТ-дан ешкім ешнәрсені тартып алған жоқ. Қазір келісімге келуге тырысып жатырмыз. Ұлттық инвестор келісілген соммаға өндірісті сатып алады. 30 қарашаға дейін келісімге келіп, өндірістің құнын белгілеуі керек, сол кезде бағаны нақты айта аламыз. Келісім заң жүзінде жүріп жатыр. Ұлттық компанияға айналдыру туралы әңгіме өрбіген жоқ, екі тарап өзара, тең келісімге келеді», – деп жауап берді.

Премьер-министр орынбасарының айтуынша, «ArcelorMittal Теміртау» компаниясының Қазақстан билігіне ешқандай шағымы жоқ. Ол керісінше, еңбек қауіпсіздігі, өндірістегі қауіпсіздік және экологияға қатысты ережелер бұзылып, компания жұмысында кемшіліктер болғанын атап өтті.

Сенаттағы отырыстан кейін премьер-министр Әлихан Смайылов та «ArcelorMittal Теміртау» компаниясымен келісім туралы сұраққа жауап берді.

«Бұл істі (келісімді – ред.) келесі аптада жоспарлап отырмыз. Келісімге қол қойылғанша инвестордың кім екенін айта алмаймыз, бірақ одан кейін міндетті түрде хабарлаймыз», – деді премьер-министр.

Еске салайық, 28 қазанда түнгі сағат 2-ден 36 минут кеткенде «ArcelorMittal Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтасында тереңдігі 700 метрде өрт шығып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды. 

Авария кезінде ауысымда 252 кенші болды, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, 46 азамат опат болды

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан Үкіметі «ArcelorMittal Теміртау» компаниясын мемлекет меншігіне қайтару туралы келісім жүргізіп жатқанын айтты. Кейіннен компания жұмысына инвесторлар тартылатыны туралы сөз қозғады

Сондай-ақ оқыңыз