Мемлекет шаруаларға 95 млрд теңге қарыз

Жарияланды
Мемлекет шаруаларға 95 млрд теңге қарыз / shutterstock

Мемлекеттің субсидиялар үшін шаруалар алдындағы қарызы 95 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Сенат отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Министрдің айтуынша, аграриялық шаруаларды субсидиялауға 155 млрд теңге қажет болған. Оның 60 млрд теңгесі шаруаларға төленді. 

«60 млрд теңгенің 30 млрд тенгесі тыңайтқыштар мен тұқымдарды алуға егін шаруашылығына берілсе, 30 млрд теңге сүт, ет, және селекция жұмыстары үшін мал шаруашылығына бөлінген», – деді министр.

Қалған 95 млрд теңге әлі төленбеген. Мұның ішінен 65 млрд теңге міндеттеме келесі жылдың басында бюджет есебінен жабылады. Ал пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға және түрлі инвестициялық субсидияларға керек 30 млрд теңге әлі де Үкімет қарауында жатыр.

Ал сенат спикері Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығын қолдауға 1,2 трлн теңге жұмсалғанымен, Қазақстан әлі де импорт тауарларға тәуелді болып отырғанын айтты. Оған қоса, Әшімбаев субсидиялау ережелерінің өзгеруіне қатысты пікір білдірді

«Субсидиялау ережелері соңғы жылдары 50 рет өзгерген болар. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында құжаттарды реттеу бір жылда 3 рет өзгерді. Біз қазір құжаттар тізімін өзгерту мен субсидиялау саясатын өзгертудің қаншалықты пайдасы бар екенін ойлауымыз керек», – деді сенат спикері.

Айта кетейік, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару осы жылы 8,6%-ға төмендеді

Осыған дейін мәжіліс депутаты Альберт Рау 155 млрд теңге субсидияның кешігіп бөлінгені салдарынан Қазақстанға Ресей астығы келгенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз