Жаңалықтар

Әлихан Смайылов: «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасын іске қосу үшін жыл сайын 150 млрд теңге қажет

«9-20-25» тұрғын үй бағдарламасын іске қосу үшін жыл сайын 150 млрд теңге қажет / коллаж kursiv.media

«9-20-25» тұрғын үй бағдарламасы алдағы жылы іске қосылады, деп мәлімдеді Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі кулуарда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

«7-20-25» бағдарламасына сұраныс жоғары болды. Бұл бағдарламаны іске асыруға қаражат қажет. Ұлттық банк лимит қойған болатын. Бұл лимит сұраныс тұрғысынан жеткіліксіз. Ұлттық банктің шектеу қоюына байланысты «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп, қосымша «9-20-25» бағдарламасын әзірлеп жатыр», – деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы жаңа бағдарлама бойынша ипотеканың мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарнасы – 20% және мерзімі – 25 жыл екенін айтты.

«Қазіргі жағдайда 9% төмен мөлшерлеме саналады. Соны іске асыру үшін тиісті есеп-қисапты жасап жатырмыз. Жыл сайын 150 млрд теңге қажет болады. 8 мың отбасына немесе адамға осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беріледі. Бұл үшін нарықтан 100 млрд теңге тарту керек, «Отбасы банк» өзінің таза табысынан 50 млрд теңге бөлуге тиіс. Осы қаражатты қосқанда 9% мөлшерлеме шығу керек. Бұл бағдарлама негізінен жастарға арналады деп санаймын», – деді Ә. Смайылов.

10 қарашада елімізде тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылатыны жарияланды.

«9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ықтимал нұсқасы. Бұл жоба әзірлену сатысында. Банк сарапшылары есеп-қисап жүргізіп, шарттарды талдайды. Жоба мақұлданса, «Отбасы банкі» қазақстандықтарды қосымша хабардар етіп, толық ақпарат береді», – деп хабарлады«Отбасы банкі» АҚ баспасөз қызметі.

16 қарашада «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға түсіп жатқанына қатысты пікір білдірді.

«Бұл бағдарлама әлі басталған жоқ. Бағдарлама біздің жоспарымызда тұр», – деді Ләззат Ибрагимова.