Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев бюджетке салықтан түсетін қаражат жоспарда көрсетілген сомадан әлдеқайда төмен екенін атап өтті. Сенат төрағасы сонымен бірге Ұлттық қор қаражатын «Самұрық-қазына» облигацияларына пайдалану бар, бірақ есептілік жоқ екенін айтты.
Әшімбаев қосымша құн салығы мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жыл аяқталғанға дейін салықтан 11 трлн теңге жиналуы керек болған. Бірақ қарашадағы көрсеткіш бойынша салық көлемі 9,6 трлн теңгені құраған.
«Осы жылы 14 трлн салық жиналады деп жоспарланған. Бірақ шындығында нақты сандар бұдан төмен болатыны анық. Осы шарттар бойынша келесі жылға, яғни 2024 жылға арналған бюджетте 16 триллион теңгеге жуық салық түсімң болады деп болжап отырмыз. Яғни, мұндай үлкен көрсеткішке қалай қол жеткізесіздер? Иә, салық әкімшілігі салықтардың бір бөлігін қамтамасыз ете алатын шығар. Бірақ қалған салық түсімдерін тағы қайдан алуды жоспарлап отырсыздар?»,– деп сұрады.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев расымен биыл 14,6 трлн салық жиналады деп жоспарлағанын, алайда жоспар толық орындалмайтынын, жыл соңына дейін 13,2 трлн теңге жиналатынын айтты. Десе де, жоспарда көрсетілген 16,5 трлн теңгелік межеге жету мүмкін екенін, алдағы жылы экономикалық өсім бойынша жақсы көрсеткіштер күтілетінін айтып, жоспар орындалатынына сендірді.
Содан кейін Әшімбаев «Самұрық-Қазына» облигацияларына тоқталды. Ол «Самұрық-Қазына» облигациялар шығаратынын, оның Ұлттық қор қаражатына сатып алынатынын айтты. Бірақ бұл жөнінде парламентке ешқандай есеп берілмейтін болып шықты.
«Біз бұдан мынадай механизмді көріп отырмыз. «Самұрық-Қазына» облигацияларды шығарады. Ұлттық қор сатып алады. Мұндағы кейбір процедуралар жеңілдетілген жолмен жүргізілуі мүмкін. Бұл процедураларды кім бағалайды? Жоғары аудиторлық палата осы мәселені қадағалай ма?», – деп сауал қойды Сенат төрағасы.
Мұндай құнды қағаздарды алғанда, Парламентке хабар берілуі керек болған. Бірақ Сенат төрағасының мәлімдеуінше ондай қадамдар жасалмаған.
«Егер біз пайыздық мөлшерлемені субсидиялайтын болсақ және Ұлттық қор бұл шығындарды өз мойнына алатын болса, онда Ұлттық қор тұжырымдамасына және оның балаларды қолдауға және т.б. бойынша орындауға тиіс міндеттемелеріне қайшы келетін жағдайлар туындамай ма? Сонымен қатар есеп беруге тоқталсақ. Ұлттық қор қаражатын пайдалану тұжырымдамасына сәйкес «Самұрық-Қазына» қорының облигацияларын қаржыландыру және сатып алу мүмкіндігін қарастырады, сонымен қатар өткен жылдың бюджеті туралы Үкіметтің Парламентке есебін ұсынады. Біз өткен жылдың бюджеттік есебін қарап шықтық. Ұлттық қор қаражатын пайдалануда бұл туралы ешқандай мәлімет көрмедік. Ақпарат жоқ. Осылайша, бұл қаражатты пайдалану туралы есеп беруде проблемалар туындайды. Біз Ұлттық қордан қаржыландыруға қарсы емеспіз. Қор осындай стратегиялық ірі жобаларды қаржыландыру үшін де құрылып отыр. Сол себепті де депутаттар осы мәселені әділ көтеріп отыр. Әлихан Асханұлы, 2023 жылғы үкімет есебінде «Самұрық-Қазынаның қарыздық облигацияларын сатып алуға жұмсалған қаражат туралы ақпарат болады деп сенеміз», – деді Әшімбаев.
Еске сала кетсек, Сенатта «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңын талқыланды. Сенат бұл жобаны Мәжіліске кері қайтарды.
Заң жобасы аясында Ұлттық экномика министрлігі 2024-2028 жылдарға арналған болжамын ұсынды. Оған сәйкес алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасы 6%-ға дейін өсіп, инфляция 5%-ға төмендейтіні болжанып отыр.