10 ұлттық жоба не себепті тоқтатылды – Смайылов түсіндіріп берді

Жарияланды
Смайылов ұлттық жоба туралы
Смаилов
Фото: Үкімет үйі

Қазақстанда 10 ұлттық жоба тоқтатылған. Бұл жайлы сенаттың жалпы отырысында Әлихан Смайылов айтты.

Депутат Жанна Асанова премьер-министр Әлихан Смайыловтан осыдан бірнеше жыл бұрын бекітілген ұлттық жобалардың не себепті тоқтатылып, күн тәртібінен алынып тасталғанын сұрады.

«2024 жылға «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде ауылдық елді-мекендер мен қалаларды сумен жабдықтауға және кәріз жүйесін дамытуға Ұлттық қордан 203,5 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферттен қаражат көзделген. Бірақ жобаның келесі жылдан бастап, үкіметтің 2023 жылғы 22 қыркүйегіндегі 828 қаулысы негізінде жойылатынын атап өткен жөн. Бұдан басқа 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2025 жылға дейін жоспарланған 8 ұлттық жоба да күштерін жойды. Олар – «Дені сау ұлт. Әрбір азамат үшін қолжетімді және денсаулық сақтау» жобасы, «Білімді ұлт сапалы білім беру» және «Қазақстындықтардың әл-ауқатын арттыруға арналған орнықты экономикалық өсу» және тағы басқа жобалар. Осыған байланысты бірнеше сұрағым бар. Бұл жобалар қойылған міндеттерді орындап барлық көрсеткіштерге қол жеткізгендіктен немесе одан әрі жетілдіру талап етілгендіктен күші жойылып отыр ма? Егер солай болса, қандай бағдарламалық құжаттарда осы ұлттық жобалардың нысаналы көрсеткіштері ескерілгенін айтып кетсеңіз»,- деді депутат.

Премьер-министр 10 ұлттық жоба тоқтағанын, бұдан былай тек нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жобалардың бекітілетінін айтты.

«Үкімет тарапынан мемлекеттік жоспарлау жүйесін реформалау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Кейбір тәсілдер өзгертіліп, жетілдірілді. Енді нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған және осы мәселелерді шешу үшін толығымен қаржыландырылған құжат – ұлттық жоба ретінде танылады. Осыған байланысты біз үш ұлттық жобаны бекіттік. Олар – «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Қолжетімді интернет». Тиісінше бұрынғы 10 ұлттық жоба қысқартылды. Бірақ олардың ішіндегі индикаторлар және барлық іс-шаралар салалық концепцияларында және мемлекеттік органдарының даму жоспарларында ексерілді. Осылайша түсінікті және сапалы бағдрламалық құжаттар қабылданды. Олардың қаржыландырылуы заңмен бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады», – деді үкімет басшысы.

Смайылов осы бағдарламалық құжаттардың іске асырылу барысы үкімет деңгейінде қоғам мен бизнес өкілдерінің қатысуымен талқыланатынын, сонымен бірге бұл мәселелер республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жыл сайынғы үкіметтің есебі шеңберінде қаралатынын айтты.

Осыған дейін Жоғары аудиторлық палата 9 ұлттық жобаның жетеуінің тиімділігі төмен екенін мәлімдеген. 9 ұлттық жобаға 8,1 трлн теңге бөлінген. Палатының бағалауы бойынша бұл 9 ірі  жобаның 7-інің тиімділігі төмен. Сонымен бірге жергілікті атқарушы орган мен орталық мемлекеттік орган арасында іс-шаралардың қаржыландырылу көлемі мен орындалуы бойынша деректердің бір-біріне қайшы келу жағдайы көп кездескен. Мысалы «АӨК-ті дамыту» ұлттық жобасы аясында «Жаңа бақтар отырғызу» көрсеткіші бойынша  жоспар – 2,2 млн гектарға есептелгенімен, іс жүзінде 350 гектар ғана қамтылған болып шықты. 

Ал бір жыл бұрын керісінше үкімет қолға алған 10 ұлттық жобаны толық қаржыландыра алмаған.

Сондай-ақ оқыңыз