Polymetal бұғатталған акцияларын АХҚО-дағы бағалы қағаздарға айырбастамақ

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Polymetal компаниясы Ресейдің Ұлттық есеп айырысу депозитарийі және ресейлік басқа депозитарийлерге салынған санкция салдарынан бұғатталған акцияларын айырбастауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұғатталған акциялар «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) биржасында шығарылған бағалы қағаздарға айырбасталады.

«Polymetal International plc. ҰЕД-ге қарсы санкциялардан зардап шеккен акционерлерге қатысты «бір де бір» қағидаты бойынша биржалық акцияларды шығару мәселесін қарау шеңберінде белгілі бір қолайлы акцияларға айырбастау бойынша жаңа ұсыныс жасауға ниетті», – делінген хабарламада.

Бұл ұсыныс акцонерлердің АХҚО-дағы жаңа бағалы қағазға айырбастау мен дивиденд алумен қатар, басқа да құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Polymetal қазірдің өзінде акцияларды айырбастаудың екінші траншын жүзеге асырған. Жалпы алғанда ҰЕД-ге сақталған 22%-ға жуық бағалы қағаздың 8%-ын сатып алды. Тағы 14% акция ҰЕД-ге салынған санкцияларға ұшырағанымен, биржалық талаптарға сай емес. Атап айтқанда, бұл ресейлік акционерлер. Енді Polymetal «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) қайта тіркеуден өткендіктен, мұндай акционерлер биржаға қатысуға мүмкіндік алды. Бірақ әртүрлі шектеулерге байланысты бұл ұсыныс Ресеймен «дос емес» мемлекеттер немесе санкция астындағы елдердегі акционерлерге қолданылмайды.

АХҚО заңнамасына сәйкес, акцияларды айырбастау ұсынысы акционердің мақұлдауынан өтуге тиіс. Осы мәселе көтерілген жиын 8 желтоқсанға белгіленген.

Алдыңғы айырбастау ұсынысына ұқсас, Polymetal ҰЕД-ге қойылған шектеулерді жеңілдеткеннен кейін айырбасталатын акцияларды сатып алуға ниетті. Осы уақытқа дейін олар қазынашылық шоттарда сақталады.

Polymetal – Ресейдегі ең ірі күміс өндіруші және жетекші алтын өндіруші кәсіпорындардың бірі. Холдингтің кәсіпорындары Ресейдің Магадан және Свердлов облыстарында, Хабаровск өлкесінде, Якутия, Чукотка және Қазақстанда орналасқан. Ең ірі акционер – Александр Несис пен серіктестердің АКТ тобы (шамамен 24%).

Polymetal Джерси аралдарынан кетіп, «Астана» ХҚО-на тіркелуге ниетті екенін мамыр айында хабарлаған.

8 тамызда Polymetal International Астана халықаралық қаржы орталығына толық көшкенін жариялады. Қазіргі уақытта нарықтық құны $2 млрд болатын Polymetal  – АХҚО-да тіркелген ең ірі компания және AIX-те саудаланатын ең ірі тау-кен компаниясы.

Polymetal International plc. бастапқы листингінің AIX биржасына ауыстырылуы және АХҚО-ға редомициляциясы AIX биржасындағы сауда-саттық көлемін арттырды.

Компания өз акциялары бойынша өтімділік деңгейін Лондон қор биржасындағы көрсеткіштерге дейін арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз