БЖЗҚ-дан алынатын 1,5 трлн теңгенің тек үштен бірі ғана энергетика саласына жұмсалуы керек – Сүлейменов

Жарияланды
Шығарушы редактор

Фото: kursiv.media

Ұлттық банк басшысы БЖЗҚ-дан алынатын 1,5 трлн теңгенің жұмсалуына қатысты пікір білдірді. Тимур Сүлейменовтің пайымдауынша, қордан алынатын қаржының тек үштен бірі энергетика саласына салынуы керек.

Сүлейменов мұндай жобаларға зейнетақы ақшасын салу қалыпты тәжірибе деп санайды. Бірақ оның үштен бірін ғана энергетика саласына жұмсау керек.

«Бұл 1,5 триллион теңгенің бәрін тек инфрақұрылы жобаларына бөлуге болмайды деп есептейміз. Үштен бірін инфрақұрылымдық жобаларға, қалған ақшаны экономиканы әртараптандыру және ішкі ұсынысты арттыруға бағытталған жобаларға салу керек. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өңдеу өнеркәсібі және т.б., жоғары өнімді қызметтер. Қаржының қалай бөлінетінін үкімет, «Бәйтерек», «Самұрық» және тағы басқа мүдделі тараптармен талқылауы керек»,– деді Сүлейменов брифингте.

Қаржы БЖЗҚ-ның «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» шығарған облигацияларын сатып алуы арқылы ел экономикасына құйылады.

21 қарашада БАҚ-та 1,5 трлн теңге БЖЗҚ қаражаты инфрақұрылым жобаларына салынуы мүмкін деген ақпарат тарады. «Бәйтерек» холдингінің Энергетика министрлігіне жолдаған құжатында қаржы энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалатыны жазылған.

Құжатта қаржы сәуір айындағы экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес бөлінетіні айтылған. Биыл жыл соңына дейін 500 млрд теңге, 2024 жылы тағы 1 триллион теңге инвестициялануға тиіс.

Осы орайда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев  энергетика жобаларына қаржы салу – «өте сенімді инвестиция» екенін айтып отыр.

Бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген «Бәйтерек» холдингі шешім қабылданса, инвестициялық жобаларға қор қаражаты тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Кейін Үкімет отырысынан соң, үкімет басшысы Әлихан Смайылов БЖЗҚ-дан алынатын қарыздың қорға қайтарылатынына кепілдік берді.

«Егер Үкімет қарыз алса, оны кері қайтаруға кепілдік береді. Бұл үкіметтік қарыздар қатарына жатып, оны республикалық немесе квазимемлекеттік компаниялар есебінен қайтарады. Сондықтан бұл қаражат міндетті түрде қайтарылады», – деді Смайылов.

Қазіргі кезде БЖЗҚ-да 17 228,7 млрд теңге жинақталған. Бұл ретте Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17 216,9 млрд теңгені құраса, ал ИПБ басқаруына 11,8 млрд теңге  берілген.

Сондай-ақ оқыңыз