Жаңалықтар

Сауд Арабиясындағы бюджет тапшылығы, мұнай бағасының қымбаттауы және «Жомарт жұма» нәтижесі

БАҚ-қа шолу / REUTERS/Sarah Meyssonnier

АҚШ ритейлерлері «Жомарт жұма» науқанындағы сауда-саттық сұраныстың төмендеуіне байланысты нашар болады деп алаңдаса, Венесуэла мұнайына салынған санкцияның алынуын мұнай бағасы қымбаттады, ал Сауд Арабиясы бюджет тапшылығына тап болды. Осы және өзге де тақырыптарды 23 қарашаға арналған әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыздар.

АҚШ- ритейлерін не алаңдатады?

Бизнес-менеджерлер тұтынушылық шығынның азаюына алаңдап отыр. Yahoo Finance басылымының жазуынша, бұл «Жомарт жұма» науқанындағы сатылымның төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Басылым атап өткендей, халықтың пандемиядан кейінгі жинаған қоры таусылуға таяу. ФРЖ-ның ақша-несие саясатын қатаңдатқанына, тұтыну секторының кейінгі 6 айдағы жақсы дерегіне қарамастан, қазір жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Тұтынушылар жинағының азаюынан ғана емес, сонымен қатар несие картасы бойынша қарыздың өсуі мен әлі де сақталып отырған инфляциядан қысым көбірек. Шын мәнінде, бұған дейін 6 айлық өсім байқалғанымен, сатып алушылар қазан айында шығынын қысқартқан.

Walmart-тан Best Buy’s-ке дейінгі бірнеше ритейлердің соңғы тоқсандық нәтижесі тұтынушы сұранысының әлсірегенін байқатады және төртінші тоқсанға қатысты болжамы да төмендеген. «Тұтынушылар таңқаларлықтай төзім танытты», – деді Target бас директоры Брайан Корнелл. «Алайда біздің компанияның зерттеуінде тұтынушылардың белгісіздік, сақтық және бюджетті басқару сияқты көңіл-күйі басым және бірінші орында тұр».

Люкс сегменті, сондай-ақ Рождество мерекелерінде ақша табатын компаниялар да «Жомарт жұма» кезінде сұраныстың төмендеуіне алаңдаулы.

Венесуэла мұнайына салынған санкциялардың жойылуы мұнай бағасын шарықтатты

АҚШ қазан айының ортасында Венесуэла мұнайына салынған санкцияларды алып тастағаннан кейін, мұнай бағасы шарықтады. Бұл Қытайдың мұнай сатып алуын тоқтатуға мәжбүр етті, деп хабарлайды Reuters. Бұл туралы басылымға өз дереккөзі хабарлап, Бейжің енді жаңа баға бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан.

Қытай асфальт өндіру үшін Венесуэланың ауыр мұнайын пайдаланады. Жол төсеу қарқынының маусымдық төмендеуі ғана жағдайды жеңілдетіп тұр. Алайда нарықта ұсынылған жеңілдіктер ірі көлемде мұнай сатып алудағы тұрақтылықты қамтамасыз етпейтіні анық. Бұл Қытайдың көңілінен шығып тұрған жоқ. Санкциялар салынған кезде Венесуэла мұнайы барреліне 20 доллар шамасында сатылған.

PetroChina айына 8 миллион баррельге дейін Венесуэла мұнайын сатып алады. Қараша айында ешқандай мәміле жасалған жоқ. Қытайдың ауыр мұнайға деген сұранысы маусымдық жол жұмыстарының басталуымен, 2024 жылдың наурыз айында қалпына келеді. Нарық өкілдері егер Венесуэла мұнайы қымбат болып қала берсе, Қытай Иран, Ирак немесе Канаданың қымбатырақ шикізатына көшуге мәжбүр болады деп алаңдайды. Бұл Қытай экономикасына кері әсер етеді.

Мексиканың орталық банкі инфляция сын-қатері туралы ескертеді

Жоғары сұраныс бағаны көтеруі мүмкін, деп хабарлайды Bloomberg. Мексикалық реттеуші мөлшерлемені төмендете бастаған орталық банктер қатарына қосыламыз ба, жоқ па деген мәселемен бас қатырып жатыр. Мексика Орталық банкінің өкілдері атап өткендей, шенеуніктерге мұндай шешім қабылдау қиын және олар инфляцияның төмендеп жатқанының нақты дәлелін көруі керек.

Реттеушінің бейсенбіде жариялаған хаттамаларына сәйкес, тұтынушы сұранысы мен елдегі еңбек нарығы «ыстық» болып тұр, ал инфляциялық сын-қатер «жоғары қарай жылжуда».

«Инфляциямен күрестегі ілгерілеуге қарамастан, болжам күрделі болып қалады», – деп жазды Орталық банк өкілдері. Инфляция күтулері мақсатты деңгейден жоғары және қызмет көрсету бағасының өсуі «айқын төмендеу шегі жоқ»,- деп қосты олар.

Еске сала кетейік, Мексика қараша айында базалық мөлшерлемесін 11,25% деңгейінде қалдырды. Аймақтағы Бразилия, Перу және Чили сынды елдер инфляцияның мақсатты деңгейге дейін баяулауына байланысты, ақша-несие саясатын жеңілдетуге кірісті.

Сауд Арабиясы бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін несие алды

Сауд Арабиясы мұнайдан түсетін кірістің төмендеуіне байланысты, бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін $11 млрд несие тартты, деп хабарлайды Bloomberg. 10 жылдық несиені Қытайдың Индустриалды және коммерциялық банкі, Citigroup Inc, First Abu Dhabi және HSBC Holdings Plc сынды банктер берген.

Сауд Арабиясының бюджет тапшылығы қазір мұнай бағасының күтілгеннен арзан болуы, мамыр айынан бері өндірістің төмендеуі және мемлекеттік шығындардың өсуі салдарынан 9,5 млрд долларды құрап отыр.

Мемлекет экономикасын әртараптандырып жатыр. Сауд Арабиясының сыртқы қарызы қазір 994 млрд риалды (265 миллиард доллар) құрайды.

ХВҚ 2023 жылдың наурызында, егер мұнайдың құны барреліне 80 доллардан төмен болса, корольдік бюджетті теңестіре алмайтынын және 2022 жылы профицит жариялағаннан кейін бюджет тапшылығына оралатынын ескертті.