Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 1,9 млн теңге жалақы алады. Ал өңірдегі орташа жалақы көлемі – 259 мың теңге. Бұл туралы әкім ОКҚ өткен брифингте айтты.
Брифинг барысында журналистер әкімнен қанша жалақы алатынын және жалақысы азық-түлікке жете ме деп сұрады.
«Әрине, жетеді. Шамамен 1,8–1,9 млн теңге. Себебі менің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім көп – 30 жылдан астам. Яғни мен ең жоғары жалақының бірін аламын», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, брифинг барысында Исабаев өңірдегі орташа жалақы көлемі 259 мың теңге екенін айтты.
Осыған дейін БАҚ-та 2023 жылы Талдықорған әкімі лауазымына келген Ернат Бәзілдің 919 мың теңге жалақы алатынын жазған. Ал қаланың бұрынғы әкімі Әсет Масабаев 860 теңге жалақы алған. Жетісу облысы аудан әкімдерінің жалақысы шамамен 750-778 мың теңге аралығында.
2022 жылы бұрынғы ШҚО әкімі Даниал Ахметов өзінің жалақысы қалай есептелетінін түсіндіру кезінде, 33 жыл мемлекеттік қызметте болғандықтан, 2 млн теңгеден көп жалақы алатынын айтқан.