«Нұр жолы» автокөлік өткізу бекеті тәулік бойына жұмыс істейді/kursiv.media
Қытаймен шекарадағы ең ірі «Нұр жолы» автокөлік өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшті.
Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстан-Қытай кеден қызметі басшылары арасында өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу туралы келісімге қол қойылған.
«Қазақстанның бастамасымен Қытаймен шекарадағы автомобиль өткізу пунктерінің өткізу қабілетін және жұмыс уақытын ұлғайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, ең ірі «Нұр жолы» автомобиль өткізу пункті тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауысып жатыр. Қалған автобақылау бекеттері күнделікті 12 сағаттық жұмыс кестесіне көшуде», –деп жазылған Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстаннан шығу электронды кезек арқылы рәсімделеді. Бұл шекарадан өту уақытын қысқартады. Бұған қоса Қытай тарапы рұқсат бланкілерін автоматтандырылған жүйемен беретін болды.
«Қытай, Өзбекстан және Түркіменстанмен шекарадағы 10 бақылау-өткізу бекетінде толық жаңғырту және техникалық жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Барлық бизнес-процестер, сондай-ақ көлік жолдарының кіру, шығу бағытының саны ұлғайып, өткізу қабілеті 6 есе артады. Өткізу пунктерін қайта құру көлік құралдары мен жеке адамдардың қозғалысына кедергі келтірмей жүзеге асырылады», – деп нақтылады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Белгілі болғандай, құжаттарды қашықтан тексеру арқылы бақылауды орталықтандыру шеңберінде кеден органының лауазымды тұлғасы мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасындағы байланыс жойылды, бақылау-өткізу пункті қызметкерлерінің іс-әрекеті онлайн бейнежетон арқылы бақыланады, ал шекарадан өту уақыты смарт-бейнекамера арқылы тіркеледі.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 10 айда кедендік төлемдер мен салықтан түскен түсім 3,3 трлн теңгені құрады. Оның ішінде үшінші ел импортының қосылған құн салығы 36%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл 2022 жылды тұтас алғандағы көрсеткіштен 100 млрд теңгеге артық.
«Барлық кедендік операцияны цифрландыру бойынша мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл іс 2024 жылы аяқталуы тиіс. Бұл бастама шекарадан кедергісіз өтуге, бақылауды жедел және ашық жүргізуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Жария болғандай, ЕАЭО елдерімен шекарада өткізу қабілетін арттыру үшін көлік-логистика әлеуетін дамыту тұжырымдамасы аясында өткізу пункттерін қайта құру жоспарланып отыр. Қайта құру аясында қазақ-қырғыз шекарасындағы мемлекеттік кірістер органдарының бақылау функцияларын автоматтандыру: автоматты шлагбаумдармен, нөмірді көрсететін бейнекамералармен, салмақ өлшеу құрылғыларымен жабдықтау мәселесі қарастырылуда.
Еске салар болсақ, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірінде 500 жүк көлігі тағы өте алмай қалып, Қырғызстанның шекара қызметі көлік кептелісіне не себеп болғанын түсіндірді.
Қырғыз-қазақ шекарасындағы «Ақ-тілек» (Қырғыз Республикасы) – «Қарасу» (Қазақстан Республикасы) өткізу пунктінде жүк көліктерінің кептелісіне жүк ағымының артуы себеп болған.