Ұлттық банк базалық ставканы төмендету арқылы дұрыс қадам жасап отыр ма?

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Осылайша, Ұлттық банк базалық ставканы қатарынан үшінші мәрте төмендетті.

Бұған дейін ставка биылдыққа алғаш рет тамызда 16,75-тен 16,50 пайызға дейін төмендетілген болатын. Кейін 16,00 пайыз деңгейіне түсірілді. Қазір енді 15,75 пайызы пайда болып отыр. әрине, мұның бәрі инфляцияның баяулап келе жатқанының арқасы. Ал инфляция базалық ставканың жыл бойы жоғары тұруының, яғни қатаң ақша-несие саясатының нәтижесінде төмендеді деуге толық негіз бар.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жылдық инфляцияның қазан айында да баяулап, 10,8 пайызға тоқтауы көрсеткішті алдыңғы болжамды диапазонның төменгі шегіне біршама жақындатты. Сонымен қатар өткен айда айлық инфляция да төмендеді, сөйтіп ол өзінің орташа тарихи мәндеріне таяды. Жалпы, баға өсімінің баяулауына қазір жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, жаһандық инфляциялық қысым мен өндірістік шығындардың төмендеуі, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалпына келуі, билік қабылдаған шаралар, сондай-ақ өткен жылғы жоғары базаның ықпалы әжептәуір әсерін тигізді.

Қымбатшылықпен күресте Ұлттық банкте жалғыз мандат бар, ол – базалық пайыздық мөлшерлемені көтеру немесе төмендету. Нарықтағы жағдайды бағамдап, артық-кемді таразыға тартып істелетін бұл шаруаның тәуекелі тым жоғары. Қай кезде көтеріп, түсіру керек екендігін саралай алмаса, онда нарықтың апалаң-топалаңы шықты дей беріңіз. Біздіңше, бұл орайда Ұлттық банк дұрыс қадам жасап келе жатыр.

Мысалы, биыл жыл басында инфляция тым қатты шарықтады. 2022 жылдың желтоқсанында 20,3 пайыз болды. Жыл басталғаннан кейін екпіні бәсеңдеген жоқ. 2023 жылдың қаңтарында – 20,7, ақпанда 21,3 пайыз болды. Тек наурызда ғана қатаң монетарлық саясат өз жемісін бере бастады дей аламыз. Көктемнің алғашқы айында баға өсімі 18,1 пайызға дейін баяулады. Жыл басында да, жыл ортасында да Ұлттық банк базалық ставканы төмендетуге асыққан жоқ. Неліктен? Себебі, олай істеу экономикаға залал келтіруі әбден ықтимал еді.

Әдетте төмен пайыздық ставка адамдар көбірек несие алып, ол қаржысын бизнеске салсын, осылайша сауда-саттық артсын, алыс-беріс көбейсін және тиімді пайда тапсын деген көзқараспен бекітіледі. Сауда-саттық көлемінің артуы экономикалық белсенділікті күшейтеді, сәйкесінше ел экономикасы өсім көрсете бастайды. Бірақ жыл ортасындағы экономикалық өсім деңгейі жаман болған жоқ. Бірінші тоқсанда ел экономикасының өсімі 4,9 пайызды құрады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ұлттық экономика сыртқы қолайсыз жағдайларға тез бейімделді және тұрақты өсім жолына шығып үлгерді деді.

Экономикалық өсім онсыз да тәуір кезде базалық ставканы төмендетіп тастаудың қажеттілігі жоқ еді. Егер Ұлттық банк ондай қадамға барған болса онда қазіргі қалыптасып келе жатқан экономикалық баланс бұзылуы ықтимал. Яғни қымбатшылыққа жол беріп алғаннан кейін, осыған дейін түзілген экономикалық өсім босқа кетеді. Сондықтан базалық ставканың төмендемеуі жыл ортасында өте маңызды болды.

Жоғары базалық ставканы төмендетпеуге себеп болған екінші іргелі фактор – Қазақстан экономикасына тікелей әсер ететін жаһан экономикасының аса құбылмалы болып тұруы. Жыл ортасында инфляцияның қайта бас көтеру тәуекелі артты және мұндайда базалық ставканы күрт төмендету нығайып келе жатқан теңгеге, тепе-тең өсім қалыптастырып келе жатқан экономикаға үлкен соққы беруі әбден мүмкін болатын. Бұл өз кезегінде үлкен қымбатшылықтың қақпасын қайта ашып беруі ғажап емес. Мұны мамандар жақсы бағамдады.

Әйткенмен, Ұлттық банк қара күзге таман базалық ставканы төмендетуге шешім қабылдады. Жоғары ставканың ұзақ тұрмайтындығы түсінікті еді және ол қаншалықты ұзақ тұрған сайын әсері де соншалықты ұзаққа созылады. Сондықтан қымбат ставканы дер кезінде қажетке жаратып, дер кезінде арыла бастадық деп қорыта аламыз. Оның өзінде қаржы қадағалаушысы пайыздық мөлшерлемені өте абайлап, тым баяу түсіріп келе жатыр. Себебі, қауіп бұлты әлі толық тарқап кеткен жоқ. Геосаяси шиеленіс, мұнай бағасы және оның өндірісіне қатысты тәуекел әлі «бабында». Кез келген сәтте ширығып сала беруі ықтимал. Ал ондай ширығу онсыз да әрең ырыққа көніп келе жатқан инфляцияны кез келген уақытта гүр еткізіп оталдырып жібере алады. Мұны біз жақсы түсінеміз.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев – әркез базалық ставканы төмендету қажеттігін қолдаушылардың бірі.

 «Жоғары ставканы бензин үшін ұстап келді деу ақылға сыймайды. Өйткені базалық ставка бензин мен электр бағасына еш әсер ете алмайды. Мысалы, АҚШ-та мұнай бағасының өсуіне байланысты жанармай мен ілеспе тауарлар бағасының өсуі байқалған кезде, бұған бола ФРЖ ставканы көтерген жоқ. Өйткені олар жоғары ставка өсудің негізгі себептеріне әсер ете алмайды деп біледі. Бізде тарифтердің белсенді реттелуіне және олардың өсуіне қарамастан өткен мәндерге қатысты айлық инфляция қарқыны қалыпты болды, секіріс болған жоқ. Сонда неге ақша-несие шарттарын одан әрі қатайта беру керек пе?», дейді сарапшы.

Ол сонымен қатар қатаң ақша-несие саясаты корпоративті секторды несиелеуге, жалпы несиелеу сегментіне, бизнес-қауымдастықтың іскерлік белсенділігіне теріс әсер етеді деп есептейді.

Ұлттық банк төрағасы жылдық инфляция мәнінің жақын арада бір таңбалы күйге ауысатынына сенімді секілді. «Алдағы уақытта жоғары базаның кетуі есебінен инфляцияның төмендеу қарқыны біршама баяулайды, бірақ сақталады» дейді ол. Айтуынша, Ұлттық банк алдағы уақытта жылдық және айлық инфляция көрсеткіштерін мұқият бақылап, олардың таргеттелген деңгейге жақындауына ерекше мән береді. Айырықша көңіл бөлуді талап ететін жекелеген тәуекелдер бар екенін де айтты.

Сыртқы әсерлер:

  • Әлемде сақталып отырған орнықты базалық инфляция;
  • Сауда серіктес елдер тарапынан сақталып отырған инфляциялық қысым;
  • Мұнай бағасының геосаяси тәуекел мен жаһандық инфляцияға әсері.

Ішкі әсерлер:

  • Бюджеттік ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер тарапынан өз экономикамызда туындап отырған баға қысымы.

«Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығы» – AERC сарапшылары инфляцияға қатысты аса жағымды емес жорамал жасайды. Олар қарашада жылдық инфляция 10,04 пайыз болады деп болжайды. Ал желтоқсанда бір таңбалы мәнге ауысып, 9,39 пайыз болмақ. 2024 жылдың қаңтарына қатысты жасаған болжамы – 9 пайыз. Яғни, олардың болжамына сүйенсек, бір жарым жылдан кейін барып біздер 9 пайыздық инфляция межесіне қайта оралып отырмыз. Соңғы рет 9-ға тақау, 8,7 пайыз инфляция деңгейі 2022 жылдың ақпанында тіркелген болатын. Келесі наурыз айында 12 пайызға бір ақ көтеріліп кетті.

«Ұлттық Банктің қазан айындағы барлық сауда-саттық көлемінің 47 пайызына дейін, оның ішінде 70 пайызы Ұлттық қор қаражаты есебінен ҚМГ акцияларын сатып алуға бағытталған. Осылайша ұлттық валютаны нығайта отырып, теңгеге жасанды түрде үлкен сұраныс туғызу дезинфляциялық фактор болып саналады. Алайда, сыртқы факторлар, соның ішінде көрші Ресейдегі инфляцияны жеделдету, оның орталық банкінің ставканы 650 базистік тармаққа – 8,5 пайыздан 15 пайызға дейін көтеруі импорттық канал арқылы отандық экономикаға инфляциялық қысым жасайды», дейді сарапшылар.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Сондай-ақ оқыңыз