Фото: kursiv.media
Ұлттық банк Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) өкілеттігін кеңейтуге қарсы емес. Бұл жайлы Ұлттық банкте өткен брифингте банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Журналист банк басшысынан Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) ҚНРДА-ның реттеушілік тетігін арттыру туралы ұсынысына қалай қарайтынын сұрап:
«ХВҚ Қазақстанның қаржылық секторын бағалауды аяқтап, бірнеше ұсыныс тастады. Қор ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) тәуелсіз болуы керек. ХВҚ агенттіктің реттеу тетігін арттырып, тиісті ресурстармен қамтамасыз ету қажет деп санайды. Ал Ұлттық банктің функциясына макро реттеу қалуға тиіс деген ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныстармен келісесіз бе?», – деді БАҚ өкілі.
Сүлейменов бұл ұсыныспен толық келісетінін, тіпті банк тарапынан арнайы Жол картасы дайындалып жатқанын айтты.
«Банк бұл ұсыныспен толық келіседі. Неге десеңіз ХВҚ техникалық ұсыныстарды дайындаған кезде ол жұмыстарға біз де атсалысып, қорытынды есебін дайындауда өз тарапымыздан ұсыныстар енгіздік. Соның негізінде біз арнайы жол картасын дайындап шықтық. Қаржылық секторды реттеу функциясын Ұлттық банк пен ҚНРДА арасында бөлуді дұрыс деп білеміз. Бұл карта желтоқсанда өтетін қаржылық тұрақтылық кеңесінде бекітілетін болады. Біз ҚНРДА-ның күшейгенін қалаймыз. Олардың бақылауында көптеген субъекті бар. Сол үшін бұл істе өте білікті мамандар мен сарапшылардың көмегі керек болады. Оның үстіне қазіргі таңда агенттік пен банк арасындағы жұмыс күшейтіліп жатыр. Жалпы қаржылық тұрақтылық мандаты заң бойынша Ұлттық банк пен ҚНРДА-ға жүктелген. Сол себепті біз оларға қаржылық тұрғыдан да, реттеу жағынан да көмектесеміз», – деді Сүлейменов.
Сүлейменов брифинг барысында «Asia Credit Bank-тің» бұрынғы басшысы Орифжан Шадиевтің Ұлттық банкке қарызын жыл соңына дейін төлейтінін айтты.
Сонымен бірге банк басшысы БЖЗҚ-дан алынатын 1,5 трлн теңгенің тек үштен бірі ғана энергетика саласына жұмсалуы керектігіне тоқталып өтті.