Жаңалықтар

35 жылдан бері консервацияда: Алматыда талай жылдан бері құрылысы аяқталмаған нысандар тексеріледі

Алматыда құрылысы 1988 жылдан бері аяқталмаған 17 нысан бар / Фото: kursiv.media

Алматыда құрылысы талай жылдан бері аяқталмай тұрған нысандар тексеріледі. Бұл жайлы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоспардан тыс тексерістің басталуына қала тұрғындары себеп болған. Олардың айтуынша, бүгінде мұндай қараусыз қалған құрылыстар балалардың ойын алаңына айналып, өміріне қауіп төндірген.

«Нәтижесінде мұндай нысандар тексеріліп, анықталған бұзушылықтарды жоюға ұйғарым берілді. Қажет болған жағдайда оны мәжбүрлеп орындау үшін сотқа талап-арыз жіберіледі. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін аяқсыз қалған құрылыстар бұзылуы мүмкін», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Осы орайда баспасөз қызметі құрылыс жұмысы тоқтаған немесе 6 айдан астам мерзімге созылған нысандар халық пен қоршаған ортаның қауіпсіздігі үшін консервациялануы қажет екенін ескертеді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір қалада 1988 жылдан бері консервацияда тұрған 17 құрылыс нысаны бар.

Сондай нысанның бірі – Құрманғазы-Шәріпов көшесінің қиылысында орналасқан лабораториялық-клиникалық корпус. Бұл ғимарат 1983 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысмен салына бастаған. Алайда 1988 жылы консервацияға қойылып, содан бері қолға алынбаған.

Ал Аламалы ауданы, Амангелді 52 мекен-жайы бойынша орналасқан әкімшіліктің құрылысы ертеректе басталған. Тапсырыс беруші «Алматыгорремстрой» компаниясы. Ғимарат құрылысы 2000 жылы 9 қабатқа жеткенде тоқтап қалған.

Сондай ескі құрылыстың бірі – «Балбұлақ» балаларға арналған республикалық оңалту орталығаны жапсарлас құрылыс. Бұл ғимарат 2006 жылы салына бастаған. Алайда 2008 жылы құрылыс жұмыстары 1 қабатта тоқтап қалған. Нысан содан бері консервацияда.

Осыған дейін әкімдіктің баспасөз қызметі Алматыда «Бақ орда» және «Көтерме сауда» базарлары бойынша заңсыз салынған сауда объектілері сүрілетінін хабарлаған.

Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша жоспардан тыс жүргізілген тексеру нәтижесінде базарлардың меншік иелері құрылыс жүргізуге тіпті жер учаскелеріне рұқсат құжаттарының жоқтығына қарамастан, жалпы сауда алаңын заңсыз ұлғайта отырып, сауда павильондарын тұрғызғаны анықталған.