Жақын арада Қазақстанда авиатасымалдау билеттерінің бағасы төмендейді. Бұл туралы Қостанай облысының тұрғындарымен кездесуде Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Қарабаевтың айтуынша, әуе қатынасына қатысты сұрақтар – қоғамда жиі талқыланатын мәселе.
«Билеттер қымбат – біз мойындаймыз», – деді спикер.
«Қазірі таңда жаңа лоукостер мен халықаралық компанияның отандық нарыққа шығу мәселесін пысықтап жатырмыз. Бәсекелестік пайда болса, сәйкесінше билет құны да төмендейді», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар азаматтардың әл-ауқаты да өсіп келеді. Бұл әуе тасымалдарға деген сұраныстың жыл ішінде 27 пайызға өсуімен түсіндіріледі.
Сондай-ақ Көлік министрі қанша ұшақ сатып алу жоспарланып отырғанына да тоқталып өтті.
«Аталған сұранысты қанағаттандыру үшін біз жаңа ұшақтарды сатып ала бастадық. Биыл тағы 11 ұшақ сатып аламыз, содан кейін Қазақстанда 100 ұшақ болады. Ал 2025 жылға қарай отандық жолаушылар авиакомпанияларының 145 жеке борты болады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жаңа авиамаршруттарды іске қосу жоспарымызда бар», – деді Марат Қарабаев.
Бұған дейін шетелдік әуе компанияларының бірі отандық QazaqAir-ді сатып алуы мүмкін екендігін жазған болатынбыз. Көлік министрі:
«Біз QazaqAir компаниясын сату және оған халықаралық ойыншы тарту туралы айтып жатырмыз. Әрине, бұл күрделі мәселе. Бүгін тәңертең ғана шетелдік компаниялардың бірімен кездесу өткіздік, жалпы бүгінгі талқылау кезінде ол компания QazaqAir-ді сатып алған жағдайда қосымша 50 жаңа ұшақ жеткізуді жоспарлап отыр», – деген еді.