«Назарбаев қоры» «Қазақтелеком» АҚ акцияларынан қалай қағылды?

Жарияланды
Назарбаев қоры акциялардан қалай айырылды? Фото: Қазақтелеком

Қазақстанның тұңғыш президентіне тиесілі «Назарбаев қоры» 2021 жылдың қыркүйегінде Назарбаев университетінің «Әлеуметтік даму қоры» коммерциялық емес ұйымына қарыз берген. Алайда қарызды қайтару барысында мәселе туындап, сотқа жүгінген.

Сот материалдарына сәйкес, «Назарбаев қоры» 13 168 750 000 теңге мөлшерінде қарыз берген. Келісімшарт талабына сәйкес, қарыз алушы сыйақы беріп отыруға және қарызды көрсетілген уақытында қайтаруға міндетті. Құжаттағы қарызды қайтару мерзімі – 2022 жылдың 1 қарашасы.

«Әлеуметтік даму қоры» бұл қаражатқа «Қазақтелеком» АҚ акцияларын сатып алған. 367 091 дана жай акцияны жалпы құны 12 807 812 331,8 теңгеге алған. 360 931 200 теңгеге артықшылығы бар акция сатып алды.

Ал келісімшартқа сәйкес, «Әлеуметтік даму қоры» қарызды «Қазақтелеком» АҚ акциялары түрінде қайтара алады.

«Назарбаев қоры» талап арыз қойған кезде АҚ акцияларының 2022 жылдағы нарықтағы бағасын да есептеген. Акцияларды сатып алу құны мен қазіргі бағасының арасындағы айырмашылық 1 350 044 210,95 теңгені көрсетті.

Осылайша «Назарбаев қоры» соттан «Әлеуметтік даму қоры» коммерциялық емес ұйымынан 2021 жылғы келісімшарт талаптарын орындауын, оның ішінде «Қазақтелеком» АҚ акцияларын 2022 жылдағы бағасы бойынша беруін, сондай-ақ жауапкерден 2 702 781 793, 73 теңге өндіруді, қарызды уақытында қайтармағаны үшін 54 176 251 теңге өндіріп беруін сұраған.

Сотта «Қазақтелеком» АҚ өкілі 2022 жылдың желтоқсанында «Назарбаев қорына» 1 375 851 809,56 теңге дивиденд төленгенін айтты.

Сот «Әлеуметтік даму қоры» корпоративті қорын «Назарбаев қорына» қарыздың бір бөлігін өтеу үшін 11 816 005 949,04 теңгеге «Қазақтелеком» АҚ акцияларын қайтаруға міндеттеді.

«Әлеуметтік даму қоры» корпоративті қорынан «Назарбаев қорына» 1 226 929 984 теңге, қарызды уақытында қайтармағаны үшін 54 176 251 теңге өндірілсін», – делінген сот шешімінде.

Осылайша «Назарбаев қорының» қалған 1 475 851 809,56 теңгені өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылмады.

Алайда «Назарбаев қоры» сот шешіміне келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Жеке қор сот шешімін өзгертіп, талап арызды толық қанағаттандыруды сұрады.

2023 жылдың 17 мамырында іс апелляциялық сатыда қаралды. Алайда сот алқасы бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды. Сот алқасы қордың мұндай қызметпен айналысуға құқығы жоқ екенін алға тартқан.

«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңның 12-бабының 1-тармағына сәйкес Қор ерікті мүлік түріндегі жарналар негізінде азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар құрған, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтін коммерциялық емес ұйым деп танылады. Осылайша, қор өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда таппайтын ұйым саналады. Заңның 33-бабы коммерциялық емес ұйым өзінің жарғылық мақсаттарына сәйкес келсе ғана кәсіпкерлік қызметпен айналыса алатыны көрсетілген. Тиісінше, мұндай қызмет құрылтай құжаттарында көрсетілуге тиіс», – делінген сот құжаттарында.

Ал талап арыз қоюшының жарғысында Қордың коммерциялық емес ұйым екені көрсетілген. Құжаттарында қордың кәсіпкерлік және өзге де табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы бар екені айқындалмаған.

«Коммерциялық емес ұйымның (Қордың) ақылы, қайтарымды және мерзімді шартпен қарыз беруі заңда көзделмеген кәсіпкерлік қызметтің дербес түрі болып саналады», – делінген құжатта.

Тиісінше, қаралып отырған қарыз мәмілесі Қордың арнайы құқығынан асып түседі, заң талаптарына сәйкес келмейді. Заңға сәйкес, ол елеусіз деп саналады.

«Осыған байланысты талапкердің жарамсыз мәмілеге негізделген талаптары қанағаттандырылмайды. (…) Келісімшарт негізінде қарыз алушы берешекті «Қазақтелеком» АҚ акциялары арқылы қайтаруға құқылы, бірақ оны жасауға міндетті емес, сондықтан міндеттемелерді орындау тәсілін қарыз алушы өзі шешеді», – деп шешті сот алқасы.

Сот шешімі жарияланған күннен бастап күшіне енді.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылдың 4 шілдедегі ұйғарымымен бітімгершілік келісім бекітілді, оның шарттары бойынша Корпоративтік қор «Қазақтелеком» АҚ акцияларын қорға берді.

Астана сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылдың 18 шілдедегі ұйғарымы бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылдың 4 шілдедегі ұйғарымы жойылып, талапты қанағаттандырудан бас тартылды. Сол себепті тараптар бітімгершілік келісімді және 2023 жылдың 4 шілдедегі ұйғарымды орындау үшін жүргізілген барлық іс-қимылдың күшін жойып, бастапқы жағдайға қайтарылуға тиіс. Осылайша АҚ акциялары қайта «Әлеуметтік даму қоры» корпоративті қорына берілді.

Айта кетейік, «Әлеуметтік даму қоры» – «Назарбаев Университеті» қоғамдастығының әлеуметтік бастамаларын қолдау мақсатында құрылған коммерциялық емес ұйым.

«Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі Университеттің және Зияткерлік мектептердің құрылтайшысы.

Сондай-ақ оқыңыз