Фото: shutterstock
Ел тұрғындары қазан айында жаппай доллар сатып алып, рубль сатуын жалғастырды. Өткен айда халық 193,7 млрд теңгеге АҚШ долларын сатып алған. Салыстырар болсақ, қыркүйек айында айырбастау пункттері қазақстандықтарға 116,1 млрд теңгеге доллар сатқан.
Доллар сатып алуда Алматы, Шымкент және Астана қаласы көш бастап тұр. Алматы қаласының тұрғындары бір айда 60,4 млрд теңгеге доллар сатып алса, шымкенттіктер 41,8 млрд теңгені долларға айырбастаған.
Ал Астана қаласының тұрғындары 19,7 млрд теңгеге доллар сатып алыпты. Долларға бұндай сұраныс биыл шілде айында байқалған болатын. Демалыс маусымында шетелге шығатындар қолда бар қаражатын долларға айырбастағаны анық.
Қыркүйекте халық Ресей рублін жаппай сатып жатқанын жазғанбыз. Ұлттық банктің қолма-қол шетел валютасын сату және сатып алуға қатысты есебінен бұл үрдіс жалғасып жатқанын байқауға болады.
Қазан айында айырбастау пункттерінде рубльді нетто-сатып алу көлемі 6,13 млрд теңгені құраған. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 2,7 млрд теңгеге теңге еді. Ал тамыз айында айырбастау пункттері керісінше, 12,9 млрд теңгеге рубль сатқан болатын.
Ресей валютасының басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларының айырбастау пункттерінде айырбасталған. Соның ішінде Астана тұрғындары қолдарындағы рубльдерін жаппай сатқан. Елорданың айырбастау пункттерін 5,9 млрд теңге көлеміндегі рубльді қабылдаған.
Одан кейінгі орында Алматы келеді. Оңтүстік астананың тұрғындары 2 млрд теңге көлеміндегі рублін айырбастап алған. Ал Шымкент қаласының айырбастау пункттері жалпы сомасы 838 млн теңгеге тең рубль қабылдаған.
Есесіне ШҚО мен Қарағанды облысында рубль сатып алушылардың қатары артқан. Әр блыстың тұрғындары қазан айында 800 млн теңгенің үстінде валюта сатып алыпты.
Ал тамыз айында рубльдің ай сайынғы таза сатылымы шілдемен салыстырғанда екі есе өскен еді. Бұл айда Қазақстандағы айырбастау нүктелеріне жүгінген азаматтар 12,9 млрд теңгені рубльге айырбастаған. Тамыздағы бұл нәтиже – алғашқы сегіз айдағы ең жоғарғы көрсеткіші.