Уран бағасы қымбаттағанымен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 9 айдағы пайдасы 1,7%-ға азайған

Жарияланды
Прибыль "Казатомпрома" снизилась

Фото: kursiv.media

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» 9 айдағы таза пайдасы 301 млрд теңгені құрады.

Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» 2023 жылдың III тоқсанындағы қаржылық есебі жарияланды.

2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы қамтылған есепте компанияның таза пайдасы 2022 жылдың жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға азайып, 300, 974 млрд теңгені немесе 653 млн долларды құрағаны жазылған.

Былтыр дәл осы уақытта компанияға 306,3 млрд теңге кіріс кірген.

Белгілі болғандай, компанияның активтері 2,9%-ға ұлғайып, 2,22 трлн теңгеден 2,29 трлн теңгеге дейін жеткен. Міндеттемелер 6,1% көлемінде өсім көрсетіп, 526 млрд теңгеден 558 млрд теңгеге дейін артқан.

9 айда шығыстар – 651,4 млрд, кіріс – 923,5 млрд теңгені құраған. Өткен жылы шығыстар – 5990,7 млрд, кіріс – 859,7 млрд шамасында болған.

Есептік кезеңде уран өндірісі 2%-ға төмендеп, 15 317 тоннаны құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде компания уран өндірісін 3%-ға қысқартқан болатын. Нәтижесінде уран өндірісі 21 227 тоннаға дейін азайған.

Былтыр «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы мен оның еншілестерінің сату көлемі 1%-ға немесе 16 358 тоннаға дейін төмендеді. Дегенмен компания ұтылған жоқ. Себебі бір фунт уран концентратының орташа сату бағасы 31%-ға өсіп, 43,46 долларды құрады. Биыл компания 20,5-21,5 мың тонна уран өндіріп, оның 15,4-15,9 мың тоннасын сатуды жоспарлап отыр.

2023 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ активінің құны 649 млрд теңгені құрайтын, қаржылық жағдайы тұрақты компания саналып отыр. Көрсетілген қаражаттың 163 млрд теңгесі мен оның баламалары және шамамен 100 млрд теңге немесе 210 млн доллар көлеміндегі ақша тартылмаған несие желісіне тиесілі.

2019 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Лондон қор биржасына акцияларын шығарды. Бүгінгі таңда Қазақстан уранды өзі жеке-дара және басқа кәсіпорындармен бірлесіп өндіреді.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының 75% акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Компанияның барлық уран өндіруші кәсіпорындары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан. Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркәсіп» өзінің еншілес, тәуелді және бірлескен кәсіпорындарымен бірлесіп 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеріп отыр.

CITIBANK Лондон қор биржасында депозитарлық қолхат арқылы сатылатын компания акцияларының 24,33% номиналды ұстаушысы болып табылады.

Қазақстанда атом электр станциясы жоқ. Сондықтан ядролық цикл өнімдерін тұтынбайды. Алайда оның уран қоры дүниежүзіндегі жалпы көлемнің шамамен 15% құрайды. Қазақстан уран қоры бойынша Аустралиядан кейін, екінші орында тұр.
Компания 2023 жылдың IV тоқсанындағы операциялық нәтижелерді 2024 жылдың 1 ақпанына дейін және 2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталатын 2023 жылдың аудиттелген қаржылық есептілігін қаржылық жай-күйі мен қызмет нәтижелерін талдаумен (OFR) бірге Лондон қор биржасында (LSE) сауда-саттық ашылғанға дейін 2024 жылдың наурыз айының ортасында жариялауды көздеп отыр.

Биыл 25 қыркүйекте уран бағасы рекордтық көрсеткішке көтерілді. Бұл «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы үшін тиімді баға болды.

29 қыркүйекте «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ директорлар кеңесі компанияның 2025 жылы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде жоспарланған өндіріс көлемін 100%-ға дейін ұлғайту жөніндегі стратегиясын мақұлдады

7 қарашада уран қымбаттап жатқан кезде «Қазатомөнеркәсіп» акциялары арзандап кетті. Мұның себебін Freedom Broker сарапшылары түсіндірді.

9 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ қытайлық CNUC компаниясымен қазақстандық табиғи уран концентратын жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қойды.

Ұлттық компания келісімшарттың көлемі мен коммерциялық шарттары құпия әрі коммерциялық тұрғыдан сезімтал болғандықтан көпшілікке жария етілмейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз