Қара теңіздегі дауылды ескертуге байланысты, Каспий Құбыр Консорциумының Новороссийсктегі теңіз терминалында мұнайды ауыстырып тиеу тоқтатылды.
Қазіргі уақытта Новороссийск аймағында аса қолайсыз ауа райы қалыптасқан: желдің жылдамдығы 22-24 мс-ке дейін, толқын биіктігі 6-8 метрге жетеді.
КҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, қараша айында мұнай ауыстырып тиеуге бірнеше рет шектеу қойылып, оны КҚК мүлтіксіз орындаған.
«КҚК Теңіз терминалында мұнай жағалық сызықтан 5 км қашықтықтағы шығарылатын айлақ құрылғылары (ШАҚ) арқылы әрі өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындай отырып тиеліп, жөнелтіледі. ШАҚ құрылымы қолайсыз ауа райы жағдайында, яғни мұнайды тиеп жөнелтуге арналған дәстүрлі жағалық жүйелер операциялық қызметін тоқтатуға мәжбүр болатын кезде ауыстырып тиеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Новороссийск теңіз портының капитаны дауылды ескерту жариялаған, соған сәйкес КҚК Теңіз терминалында мұнай тиеу тоқтатылып, танкерлер күту аймақтарына шығарылды. Компанияның резервуарлар паркі мұнайға толы. Осыған байланысты жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау төмендеген.
Мұнай тиеп жөнелту қайта басталғаны туралы қосымша хабарланады.
Ал өндірген мұнайы толық дерлік КҚК арқылы жөнелтілетін «Теңізшевройл» компаниясы Новороссийскідегі ауа райының нашарлауына байланысты жағдайды үнемі қадағалап және қауіпсіз қызметті қамтамасыз ету үшін өндірті өзгермелі жағдайларға сәйкес реттейтінін мәлімдеді.
КҚК қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты, бұл құбыр арқылы елде өндірілген «қара алатынның» 80%-дан астамы тасымалданады. Бұл құбырмен жылына шашамен 61 млн тонна мұнай жөнелтіледі.
Shell концернінің 30 жылдығына арналған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылға қарай КҚК-ның өткізу мүмкіндігін жылына 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отырғаны мәлімдеді.
КҚК акционерлері: Ресей Федерациясы (Транснефть (MOEX: TRNF) бақылайтын 24%, баланста 7%) – 31%, Қазақстан (Қазмұнайгаз – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, E.A.ni. Н.В. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.