Инвесторлар үшін Қазақстанда газ өңдеу жобаларына қаржы салу тиімсіз – Нұрлан Жұмағұлов

Жарияланды
Фото: azh.kz

«Қарашығанақта» газ өңдеу зауытын салу елімізде өндірілген шикізатты сыртқа шығармай  өңдеуге мүмкіндік береді. Алайда, Қазақстанда газ кен орындарын игеруге инвесторлардың құлқы жоқ секілді? Газ бағасы өсе ме, тұрақтай ма? Бұл туралы Kursiv.kz тілшісі Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұловтан сұрады.

Нұрлан мырза, алғашқы сауал «Қарашығанақтағы» газ өңдеу зауытына қатысты. Кәсіпорынды іске қосу нарықтағы өзекті мәселелерді шеше ме?

«Қарашығанақта» жылына 16 миллиард текше метр газ өндірілсе, оның жартысын қайта жер қойнауына айдайды да, қалған 8 миллиард текше метр шикі газды Орынбордағы газ өңдеу зауытына жөнелтіп отырады. Кейін сол жақта шикі газды өңдеп, кері Қазақстанға алып келетін. Кейбір кезде «КазРосГаз» арқылы Еуропаға экспорттайтын. Ал енді соңғы кезде елімізде газ тапшылығы байқала басталды. Экспорт азаюда. Мысалы, Қытайдың алдында 10 миллиард текше метр шикізат экспоттау бойынша міндеттемеміз бар.

Тапшылыққа қазір еліміздің солтүстік, шығыс аймақтарын газға қосу сынды факторлар ықпал етті ме?

Әрине, газға көшу тенденциясы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Алматыдағы Жылу электр орталықтары газға көшуде. Қызылорда, Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары жасалып жатыр. Елімізде халықты газбен қамту көлемі жыл сайын 1-2%-ға өсіп келеді. Сол арқылы өңірлер мен шағын ауылдарға көгілдір отын тартылуда. Сұраныс артқан соң мемлекет Қарашығанақ жобасының инвесторларына елімізде газ өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс білдірген болатын.

Жоба қалай жүзеге асырылады?

Қазіргі уақытта тендер өтіп жатыр. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде газды жергілікті өңдеуге және оның өндірісін 4 миллиард текше метрге жеткізуге мүмкіндік береді. Жаңа зауыт жылына 0,5-0,6 миллион тонна пропан-бутан фракциясын, 3,6 миллиард текше метр тауарлық газ өндіреді. «Қарашығанақ» газ өңдеу зауыты жобасының шамамен құны 3-3,5 млрд теңгені құрайды. Зауыт құрылысы шамамен 2028-2029 жылдары аяқталып, жұмысын бастайды деп күтілуде.

Соңғы айларда елімізде сұйытылған газ тапшылығы сезілуде. Министрлік мұны көлігін газға көшірген қазақстандықтар санының артуымен байланыстыруда. Осыған қатысты ойыңызбен бөлісеңіз…

Көпшілік бізде авто газды, пропан пен бутан, метанды ажырата алмайды. Автогаз дегеніміз – көліктер жүретін пропан мен бутан, оны өңдеу көлемі шектеулі. Жылына ары кетсе 3 млн тонна өңделеді. Кезінде 3,2 млн тонна өңделетін, соңғы жылдары 2,8 млн тонна ғана. Ал көліктерін газбен жүретін етіп қайта жабдықтағандар саны 320 мыңнан 638 мыңға дейін, екі есе артты. Мемлекет тарапынан газ балон орнатуға болмайды деген тыйым жоқ, нәтижесінде оған көшкендер саны күрт көбейді. Мәселен, соңғы шыққан Лексус, Тайота сынды жол талғамайтын көлік иелері де осындай қадамға барады. Джип сынды көлік алуға ақшасы жеткендердің, жанармайға ақшасы жетпейтіні қызық. Әр адам осылай үнемдеуге тырысады. Ал негізінен пропан мен бутан газ-химия саласында қолданылатын шикізат. Біз қазір аталған автогазды ауаға жағып жатырмыз, ал басқа мемлекеттер бұдан пластик, шиналар өндіреді. Кезінде 1995 жылдары «Өзенмұнайгазда» ол жүк көлігіне сынақ ретінде қолданылған болатын.  Сөйтіп сынақ сәтті өткен соң нарықта осы газ түріне көшу үдерісі басталды.

Қазір көлікке балон орнататын компанияларды лицензиялау сынды шаралар қабылдау ұсынылуда. Саланы осындай тәсілдермен реттеуге бола ма?

Меніңше бұл болмайтын әңгіме. Газ қондырғысы жеке цехта орнатылады. Ал қазір техбақылау деген бар. Бұрын ол мемлекеттің құзырында, яғни Ішкі істер министрлігіне қарайтын болса, қазір ол жеке кәсіпкерлердің құзырында. Бұл еш нәтиже бермейді, ал нәтижелі болуы үшін техбақылауды мемлекет қайта қолына алуы керек.

Ал өңірлерді газдандыруға тоқталсақ. Демек құбырлар арқылы келетін метанды да өңдеу керек. Мысалы «Қарашығанақтың» газы Ресейде өңделеді. Бізде мұндай зауыттар салу тиімсіз бе?

Метан – Теңіз, Қашаған, Ақтөбедегі кен орындардан келген табиғи газ. Ол құбыр арқылы жеткізіледі. Бізде оның бағасы төмен. Мысалы, үлкен газ өңдейтін зауыт салуға шамамен 8 млрд доллар қажет. Бұндай қаржы салған инвесторлар бізде аталған отын бағасы төмен болғандықтан оның құнын қашан өтей алады? Оған 10-20 жыл керек шығар. Қазақстанда газдың бағасы төмен болғандықтан елімізде ешқандай газ кен орындары игерілмеген. Тек бір ғана Жамбыл облысындағы «Амангелді» газ кен орны бар. 30 жылда тек бір ғана газ жобасын іске асырдық. Өйткені инвесторларға газға қатысты жобаларға қаржы салу тиімсіз. Олар қондырғы сатып алады. Ал оның барлығы шетелден импортталады. Ал теңгеміздің бағамы тұрақсыз. Ал жергілікті нарықта газ бағасы теңгемен есептеледі.

Бұл бағытта мемлекет қандай шара қабылдап жатыр?

Мемлекет газ кен орындарын барлап, оны өңдейтін зауыт салу үшін инвесторларды ынталандыруға тырысуда. Мысалы, бұрын өзіндік құнына 10 пайыз ғана қосып, ұлттық компания сатып алып отыратын. Қазіргі кезде газ сатып алудың жаңа формуласы енгізілді. Ол 30 пайыз жергілікті нарықтағы баға және 70 пайыз экспорттық бағадан тұрады  (жол шығынан алып тастағанда). Бұл шамамен мың текше метріне 100-130 доллар.

Бізде газ бағасы төмен, деп айтып өттіңіз. Бірақ оны көтерсек халыққа қиын, ал бағаны төмендетуге тағы болмайды. Үкіметке қайтпек керек?

Халықтың әл-ауқатын көтеру керек, жұмыс жасау керек. Халық та мемлекетке тәуелді болмауы керек. «Балық берме, қармақ бер» дегендей. Шағын және орта бизнесті дамыту да маңызды. Бізде экономиканы алға тартатын осы ШОБ.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сондай-ақ оқыңыз