ҚазТрансОйл «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырын жаңғыртуға қажетті 70 млрд теңгені Ұлттық қордан алды

Жарияланды
Шығарушы редактор
«Астрахань – Маңғышлақ» су құбыры құрылысына тағы 20 млр теңге құйылды Фото: mwl.kz және shutterstock

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның еншілес компаниясы – «Магистральдық су ағызғы» ЖШС «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын жаңғырту үшін 20 млрд теңге тартты. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Ел Үкіметі 2022 жылы желтоқсанда «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырын жаңғыртуға Ұлттық қордан 70 млрд теңге дағдарысқа қарсы қаржы бөлу туралы шешім шығарған болатын. Оның 50 млрд теңгесін «Магистральдық су ағызғы» ЖШС 2023 жылдың сәуірінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-нан облигациялық қарыз түрінде алған. Ол кезде «Магистральдық Суағызғы» ЖШС 50 млн облигация шығарған.

Енді қалған 20 млрд теңгеге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Магистральдық су ағызғы»  ЖШС-нің (100% – ы «ҚазТрансОйл» АҚ-қа тиесілі) 20 млн акциясын сатып алды. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК жобаны қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазынадан » 20 млрд теңге сомасына осындай облигациялық қарыз тартқан.

13 қарашада «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырының құрылысына 20 млрд теңге тартатынын хабарланды. Компанияның директорлар кеңесі осы мақсатта жылдық 0,5%-бен 20 млрд теңге сомасына он жылдық облигациялар шығару туралы шешім қабылдаған. Ал «Самұрық-Қазына» бұл ақшаны Ұлттық қордан алады.

«Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбыры – Маңғыстау облысының бірнеше ауданыны және ірі мұнай компанияларын сумен қамтамасыз етіп отырған ірі құбыр. 

Жобаны жүзеге асыру «Астрахан – Маңғышлақ» магистральдық су құбырының өткізу қабілетін тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км магистральдық мұнай құбырларының әртараптандырылған желісіне ие.

Сондай-ақ оқыңыз