Үндістан стратегиялық бағыты: Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржолының құрылысы басталды

Жарияланды
жд
Фото: primeminister.kz

Түркістан облысында ұзындығы 152 км болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Үкімет үйінің хабарлауынша, бұл теміржол торабы бойынша жүк ағынын болашақта 20-25 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.

Құрылыстың салтанатты ашылуына ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов телекөпір режимінде қатысып, жұмыстарды ресми түрде бастап берді.

«Теміржол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінің дамуын қамтамасыз ететін болат артериялар. Өткен жылы теміржолдармен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, ол 245 млрд тонна-километрді құрады. Мұндай қарқындар геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр»,- деді Әлихан Смайылов.

Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымал көлемін арттыруға жол ашады. Өз бұл бағыт республикалық теміржол желісіне қосылып қана қоймай, Түркістан облысын кесіп өтетіндіктен, осы өңірдің дамуына оң ықпал етпек.

Жаңа теміржол құрылысы 3 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі 85%-ды құрайды.

Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде «Сырдария» станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Ердаут – Мақтаарал желісі салынады. Ал екінші кезеңде Жетісай – Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармағын пайдалануға беру көзделген. Барлығы 152 км теміржол төсемі салынып, оған 19,7 мың тонна рельс, 280 мың темірбетон шпал мен рельс бекіткіш сатып алу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысының айтуынша осы жылдың соңына дейін Өзбекстанның қатысуымен жүктерді тасымалдау көлемі шамамен 31 млн тоннаны құрайды деп болжануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артық. 

Жалпы жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының көлемі 25,8 млн тоннаны құраған. Негізгі жүк ағыны бүгінде «Сарыағаш» мемлекетаралық торап станциясы арқылы өтеді. Ал жаңа құрылысқа сәйкес 9 станция салынады. Бұл жайлы «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов айтты.

«Жаңа теміржол желісі осы аудандардың дамуына оң әсер етеді. Құрылыстан кейін олар жаңа серпін алады. Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстанға бағытталған жүктер осы жолмен тезірек өтеді. Оған қоса Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі кептеліс азаяды. Соңғы жылдары жүк көлемі көп болды. Осы орайда олардың біразы уақытында берілмей жатады, себебі бұл буын мұндай жүк көлеміне арналмаған. Соңғы екі-үш жылда жүктеме күрт өскен. Құрылыс осы негізгі учаскенің жүктемесін азайтуға және жолаушылар пойыздарын басқаруға көмектеседі», – деді ол.

Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қазіргі уақытта Пәкістан арқылы Үндістанға теміржол құрылысы талқыланып жатқанын да айтап өтті. Оның айтуынша, Дарбаза-Мақтаарал желісін іске қосу Қазақстанның осы стратегиялық бағытты дамытуына елеулі үлес қоспақ.

«Біз жүк ағыны қосымша 10-14 млн тоннаға артады деп болжап отырмыз. Ал болашақта 20-25 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Бұл учаске Ташкент торабын айналып өтіп, жүктерді екі бағытта да тезірек тасымалдайтын болады», дейді Әлмағамбетов.

Айта кету керек, Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту аясында Үкімет теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Жаұынжа ғана Көлік министрі Марат Қарабаев алдағы үш жылда республикада 1 300 шақырымнан астам теміржол салынатынын айқан.

Осыған дейін Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы басталатыны туралы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев айтқан болатын. Сонымен бірге ҚТЖ басшысы желтоқсан айында Бақты-Аягөз теміржол желісінің құрылысы басталатынын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз