Коллаж: kursiv.media
Тимур Құлыбаевқа тиесілі шикізат активтерді бақылайтын Joint Resources холдингі директорлар кеңесінің құрамы толық өзгерді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтына жолданған ақпаратта жазылған.
Joint Resources директорлар кеңесінің құрамынан төрайым Раушан Сағдиева, жалғыз акционердің өкілі Әсел Төкеева және тәуелсіз директор Шолпан Айнабаева шығарылды. Оның орнына Рахмет Хайруллаев (директорлар кеңесінің жаңа басшысы), Адель Мұса (тәуелсіз директор) және Оянжан Мәкетова тағайындалды.
Компанияның директорлар кеңесі қазір осы үш адамнан тұрады. Шешімді компанияның жалғыз акционері Тимур Құлыбаев қабылдаған
Раушан Сағдиева – Құлыбаевтың Kipros компаниясымен бірге Joint Technologies компаниясының тең иесі. Ол, өз кезегінде, қараша айының соңында нарықтағы жағдайын теріс пайдаланғаны үшін айыппұл салынған «Сұйытылған мұнай-газды сақтау паркі» иесінің бірі.
Рахмет Хайруллаев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңес құрамына кіреді. Оянжан Мәкетова Құлыбаевтың тағы бір компаниясы – Green Power Generation компаниясының директорлар кеңесі құрамында.
Joint Resources Crystal Management, Шұбаркөл Премиум, «Каспий Мұнай» және Premier Development Company компаниясының бақылау пакетіне ие.