Ұлытау прокуратурасы 223 млн теңге бюджет қаражатын талан-таражға салған күдіктілерді анықтады

Жарияланды
Прокуратура бюджет қаражатын талан-таражға салған күдіктілерді анықтады / kursiv.media

Ұлытау облысының прокуратурасы Жезқазған қаласында 223 млн теңге бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісін анықтап, іс бойынша тергеу жұмыстары басталды.

«Прокурорлар Жезқазған қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің қызметін тексерді. Тексеру нәтижесі бойынша Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту кезінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салу фактісі анықталды», – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

Атап айтқанда, 2021 жылы қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде лауазымды шенеуніктер құрылыс жұмыстарын жоғары бағамен қабылдап, 223 млн теңгеден астам мөлшерде бюджет қаражатын артық төлеген.

Қазір аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа тергеу жұмыстарын жүргізу үшін іс облыстық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне тапсырылған.

Осыған дейін прокуратура 12 адам жалған диплом көмегімен «Дипломмен- ауылға» бағдарламасы бойынша 30 млн теңгеге жуық төлем алғанын анықтаған

Сондай-ақ оқыңыз