Жаңалықтар

50 Cent Алматыдағы концертінен кейін қазақстандықтардың ашуына тиді

50 Cent Алматыдағы концертінен кейін қазақстандықтардың ашуына тиді / kursiv.media

50 Cent-тің Алматыдағы концертінен кейін Instagram парақшасында жазған посты қазақстандықтардың ашуына тиді. Желі қолданушылары оны Қазақстанды «Борат» фильмімен байланыстырды деп ашуланды

Американдық рэпер 50 Cent Қазақстанда өткен концерт туралы пікір білдірген. Оның постының астында 3 мыңнан астам комментарий жазылған.

«Алматы, Қазақстан керемет болды. Егер сіз «Борат» фильмімен баға беретін болсаңыз, менің не айтып тұрғанымды түсінбейсіз. Мен жаһандық (адаммын – ред.)», — деп жазды әнші.

Алайда репэрдің жазбасын тікелей аударғанда мағынасы мүлдем басқа болады: «Егер «Борат» фильмі болмаса, сіздер менің не айтып тұрғанымды түсінбес едіңіздер». Осы тікелей аударма әсерінен болар, қазақстандықтар оның постының астына жағымсыз комментарийлер қалдыра бастады.

Кейбір желі қолданушылары тікелей аударманың дұрыс емес екенін жазды.

«Ол Қазақстанның «Борат» фильміндегідей ел емес екендігін айтқысы келді. Көп адам тікелей аудармаға басып, оны түсінбей қалды», – деп әншіні ақтап алуға тырысты пікір білдірушілер.

Айта кетейік, 50 Cent концерті Алматыда 28 қазан күні өтті. Билет бағасы 75 мың теңгеден басталып, 300 мың теңгеге дейін жеткен.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың тамыз айында Алматы мен Астанада концерт берген ресейлік рок-әнші Земфираның да концерттен кейін желіге жазған пікірі қазақстандықтарға ұнамай қалған. Әнші өз Instagram парақшасында Қазақстандағы концерт ұйымдастырушыларын сынаған. Әншінің бұл сыни пікірі, оның үстіне Қазақстан атауын кіші әріппен жазғанын қазақстандық оқырмандары елді және өз тыңдармандарын сыйламау деп бағалаған. Кейінірек Земфира қазақстандықтардан кешірім сұрады.