ОПЕК+ шиеленісі: ұйым отырысы тағы шегерілуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
ОПЕК+ кездесуі
ОПЕК+ кездесуі
ОПЕК+ кездесуі: келіссөздер шиеленісті жағдайда өтуде / Фото: kursiv.media

ОПЕК+ кездесуі тағы да шегерілуі мүмкін. Reuters басылымының хабарлауынша мұнай өндіру жөніндегі келіссөздері шиеленісті жағдайда жүріп жатыр.

«ОПЕК+ арасындағы 2024 жылға арналған мұнай саясаты бойынша келіссөздер қиын жүріп жатыр. Өндірісті қысқарту көлемін тереңдету мүмкін болмауы себепті қолданыстағы келісімді ұзарту туралы шешім қабылдануы мүмкін»,- деп жазады басылым картельге қатысы бар дерекөзіне сілтеме жасап.

30 қарашада мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) және Ресей бастаған одақтастар кіретін ОПЕК+ тобы 2024 жылға арналған мұнай өндіру көлемінің қандай болатынын шешу үшін онлайн кездесуді жоспарлап отыр.

«Бұл ретте тараптар қатал ұстанымдарды ұстанып отыр, сол себепті ымыраға келу үшін қосымша уақытты қажет болуы мүмкін», – деп хабарлаған Reuters басылымына картельдегі дерекөзі.

ОПЕК+ кездесуі бұған дейін де кейінге қалдырылған болатын. Онда ұйым мүшелері африкалық өндірушілерге арналған квоталар бойынша ортақ шешімге келе алмаған. Сарапшылар ОПЕК+ елдері арасындағы қайшылықтар көбейгенін айтады. Осы орайда Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 80,72 долларға дейін көтерілген.

Еске сала кетсек, ОПЕК+ отырысының шегерілуі туралы хабардан соң, Brent маркалы мұнайы 4%-ға арзандап, баррелі 80 доллардан түсіп кетті. Онда Bloomberg басылымы Сауд Арабиясы басқа картель мүшелерінің өндірістік міндеттемелерін дұрыс орындамай жатқанына көңілі толмауы себепті, отырыстың шегерілгені туралы жазған.

Негізінен, ОПЕК- келісімі бойынша Сауд Арабиясы, Ресей және басқа ОПЕК+ мүшелері жалпы мұнай өндіруді шамамен 5 миллион баррельге қысқартуға уәде берді.

Ал ОПЕК-ке кірмейтін елдердің ішінде Қазақстан өндірісті тәулігіне 78 мың баррельге, Оман – 40 мың баррельге қысқартпақ. ОПЕК елдерінен: БАӘ – тәулігіне 144 мың баррель, Кувейт – 128 мың баррель, Ирак – 211 мың баррель, Алжир – 48 мың баррельге қысқартқан.

Сондай-ақ оқыңыз