Жаңалықтар

«Вагнер» жасағы құрамында Украинада соғысқан қазақстандық сотталды

«Вагнер» жасағының құрамында әскери қимылдарға қатысқан азамат өз кінәсін толық мойындаған / Фото: kursiv.media

«Вагнер» жасағы құрамында Украинадағы соғысқа қатысқан Қазақстан азаматы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл жайлы Қарағанды облысының Қазыбек аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары Ш.-ға Қылмыстық кодекстің 170-бабының 3-бөлігімен, жалдамалының конституциялық құрылысты құлатуға және бұзуға немесе аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған қарулы қақтығысқа, әскери іс-қимылдарға және өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысқаны үшін айыпталды»,- делінген сот хабарламасында.

Тергеу мәліметтері бойынша айыпталушы жасаған қылмысына өкінген. Осы жылдың наурыз айында азамат Шомполов «ВК» әлеуметтік желісі арқылы «Вагнер» жеке әскери жасағына адам жинап жатқанын біліп, қомақты қаражатқа Украина аумағында ұрыс қимылдарына қатысуға келіскен. Кейін Ресейге барып, «Вагнер» жасағына қосылған. Сәуір айының соңында әскери дайындықтан өткен оны Украина аумағында орналасқан Бахмут қаласына жіберген. Украинаның конституциялық құрылысына нұқсан келтіруге және аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған ұрыс қимылдарына қатысқан. Нәтижесінде жараланып, үйіне жіберілген.

Прокурор айыпталушыға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Сот Шомполовтың шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай деп танып, сот ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігі 2) тармағының нормаларын қолданған. Оған сәйкес жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар болған кезде және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда жазаның 3-тен екі бқлігінен аспайтын жаза мерзімі қолданылады. Солайша сотталуышының жалдамалы әскери қызметі үшін алған қаражаты тәркіленіп, соттың 2023 жылғы 28 тамыздағы үкімімен 6 жыл 8 айға сотталған.

Естеріңізге сала кетсек, «Вагнер» жеке әскери компаниясын Евгений Пригожин басқарған. Негізінен Украинаның Бахмут қаласында әскери іс-қимылдарға қатысып келген. Пртигожин осы жылдың 24 маусым күні Ресейге қарсы әскери көтеріліс ұйымдастырды. Кейін бұл ойынан айнып, әскерін кері қайтарып алды. Ал 10 тамызда Евгений Пригожиннің жеке ұшағы апатқа ұшырап, қаза тапты.