«Масс-медиа туралы» заң жобасында журналистер үшін барлық нормалар қайта қаралады-Аида Балаева

Жарияланды

Біз әрқашан журналистердің пікірін ескереміз. Бұл туралы «Масс-медиа туралы» заң жобасының нормаларын түсіндіре отырып, ОКҚ брифингінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Мәжілісте Мемлекет басшысының БАҚ заңнамасын қайта қарау туралы тапсырмасын орындау аясында әзірленген «Масс-медиа туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Министрлік заң жобасын мемлекет мүддесін, қоғам сұранысын және медиа саласының даму тенденцияларын ескере отырып әзірледі.

Заң жобасының негізгі мақсаты – сөз бостандығын, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әсіресе журналистердің мәртебесін арттыру және мемлекеттік тиімді ақпараттық саясатты қалыптастыру.

«Журналистерді түрлі іс-шараларға қатысуға аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылады. Бүгінде бұл новелла қызу талқылануда, оған қатысты медиа қауымдастық өкілдері мен жұмыс тобы мүшелерінің пікірі екі жақты болды. Бұл мәселедегі біздің басты мақсатымыз – аккредиттеу процестерін автоматтандыру. Ал оны жүзеге асырудың басқа да формаларына министрлік жалпы қарсы емес екенін айта кеткім келеді», – деді министр.

«Масс-медиа туралы» заң жобасының негізі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі бірдей заңның синтезі болды.

Осы орайда ол Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен нормаларға жеке тоқталып өтті.

«Мәселен, депутаттар мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және оның үлесін 50-ден 70 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы отандық контентті дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды ұсынды. Алайда сала өкілдерінің пікірін ескере отырып, министрлік кезең-кезеңімен көшуді ұсынады. Депутаттар ұсынған жаңашылдықтар шетелдік теле-радио бағдарламалардың ретрансляциясын 20-дан 10 пайызға дейін төмендетуге, сондай-ақ өңірлік және балаларға арналған БАҚ-ты қолдаудың бірқатар стандартына да қатысты болып отыр. Қазір депутаттар ұсынған түзетулер жұмыс тобының отырыстарында талқылануда», – деді Аида Балаева.

«Сөзімді қорытындылай келе, заң жобасын әзірлеу барысында сала өкілдерінен түскен барлық ұсыныстар ескеріліп, пысықталатынын атап өткім келеді. Министрлік заң жобасын бірлесе, ашық талқылауға әрдайым дайын»-деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз