Былтыр шығынға батқан Bereke bank биыл 18,5 млрд пайда тапты

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

Bereke bank 2023 жылдың 9 айында 18,5 млрд теңге таза пайда тапқан. Қаржы ұйымы 2022 жылды 128,9 млрд теңге шығынмен жапқан еді. Бұл туралы банктің Қазақстан қор биржасын сайтында жарияланған қаржы есебінде жазылған.

Таза пайыздық кіріс 1,5 есе – 67,3 млрд теңгеге дейін төмендеді. Операциялық кіріс 71,6 миллиард теңгені құрады. Банк активтері 1,7 трлн теңгеден 1,84 трлн теңгеге, жеке капиталы – 133 млрд теңгеден 155 млрд теңгеге, міндеттемелері – 1,5 трлн теңгеден 1,7 трлн теңгеге дейін өскен.

Банктің несие портфелі 2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда аз ғана өскен. Былтыр жыл соңында 1,17 триллион теңге болса, қазір 1,18 трлн теңгеге жеткен. Заңды тұлғаларға берілген несие 548,4 млрд теңгеден 433,9 млрд теңгеге, ипотекалық несие – 419,3 млрд теңгеден 373,4 млрд теңгеге дейін қысқарды. Сондай-ақ банктің «7-20-25» мемлекеттік ипотекалық бағдарламасы бойынша 326,2 млрд теңге сомасында міндеттемесі әлі де бар. Тұтынушылық несие беру 249,3 млрд теңгеден 305,3 млрд теңгеге, автонесиелеу – 1,7 есе, 226,5 млрд теңгеге дейін өсті.

Банктің несие ұйымдарынан алған өз қарызы 88,5 млрд теңгеден 95,5 млрд теңгеге дейін жеткен. Бұдан бөлек банк 405,5 млрд теңгеге облигациялар шығарған.

Жеке тұлғалардың депозиттері 209,8 млрд теңгеден 338,4 млрд теңгеге дейін 1,5 есе өсті. Корпоративтік клиенттердің депозиттері, керісінше, 43%-ға, 867,6 млрд теңгеден 493,3 млрд теңгеге дейін азайған. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың депозиттері үш есе: 727,4 млрд теңгеден 240 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Айта кетейік, Bereke bank – 2022 жылдың наурызында АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Сбербанктің бұрынғы еншілес ұйымы. АҚШ санкциясына ұшыраған соң, халықаралық төлем жүйелерінен ажырап қалған болатын. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік Сбербанк оны «Бәйтерек» ұлттық холдингіне сатты. Келісімнен кейін қаржы институты атауын Bereke Bank деп өзгертті.

2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Bereke bank-ті сатқан кезде мемлекет жұмсаған қаражат толық өтеледі деп сендірген.

Қазан айында Bereke banкті Қатардан келген инвестор сатып алуы мүмкін деген ақпарат тарады. Қазір инвестор Bereke bank-ті бағалап жатыр, соның нәтижесінде қаржы институтының құны анықталмақ. 

Сондай-ақ оқыңыз