Депутат «Масс-медиа» заңындағы «баспасөз картасын» журналистерді шектеу құралы деп бағалады

Жарияланды
Депутат «Масс-медиа» заңындағы «баспасөз картасын» журналистерді шектеу құралы деп бағалады / shutterstock

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Масс-медиа туралы» заң жобасында көрсетілген «баспасөз картасы» туралы норманы журналистерді шектеу деп бағалап, оған қарсылық білдірді.

30 қарашада мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжіліс депутаттарына «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды. Министрдің сөзінен кейін пікірталасқа араласқан депутат Айдос Сарым заң жобасын журналистермен талқылау кезінде «баспасөз картасына» қатысты қарсылық болғанын айтты.

«Журналистердің пікірінше, бұл норма журналистерді алалауға, бөлуге алып келуі ықтимал. Журналистер арасында теңсіздік тудырып, құқықтарын шектеуі мүмкін. Қоғамдық палата өкілдері де «баспасөз картасы» журналистің еркіндігімен ақпарат алу мүмкіндігін шектеуге бағытталған норма деп отыр», – деді депутат.

Ол мәжілістегі «Amanat» фракциясының да бұл нормаға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. 

«Мұндай құйтырқы форматты шектеу нормаларын енгізуді қою керек деп есептейміз. Осыған орай, Мәжілістегі «Amanat» фракциясы өз алаңдаушылығын білдіріп, салыстырмалы кестеден ол норманы алып тастауды ұсынған. Нақты сұрағым: осы нормаға салалық министр ретінде көзқарасыңыз қандай? Журналистер қауымы мен «Amanat» депутаттарының ұстанымын қолдайсыз ба?», – деп сұрады Сарым.

Министр сұраққа нақты жауап бермеді. Алайда норманы заң жобасында қалдыру немесе алып тастау туралы шешім әлі қабылданбағанын айтып, екінші оқылымға дейін мәмілеге келуді жоспарлап отырғанын айтты.

«Бұл тармақ журналистердің ешқандай құқығын бұзбайды. Себебі біздің министрліктің 2024 жылғы жұмыс жоспарында медиа саласындағы барлық мәселені реттеу үшін медиаплатформа жасақтап, іске қосуды қарастырып отырмыз. Ол БАҚ-тың заңды есепке тұруы, есептен шығуы, газет-журналдардың түпнегізін сақтау, аккредиттеу мәселелерін автоматтандыру үшін құрылады. Журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған норма болатын. Бұл норма депутаттар корпусын да, журналистерді де екіге бөліп отырғанын ескеріп, екінші оқылымға дейін тағы да жан-жақты қарап, ортақ бір мәмілеге келсек болады. Біз белден басып, тек қана өзіміздің нормамызды енгіземіз деген мәселе жоқ», – деді министр.

«Масс-медиа туралы» заң жобасы осыған дейін Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде талқылауда болған.

Заң жобасына қатысты журналистер мен сарапшылар пікірін талдап жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз