Бас прокуратура: Қуандық Бишімбаевтың үстінен «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media


Бейсенбі күні өткен Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі кулуарда бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Бишімбаевқа қатысты «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Зерттеу жұмысы жүріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша тергеу органдары сіздерге қосымша ақпарат береді. Ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіруге қатысты қылмыстың санкциясы – бас бостандығынан айыру», – деді журналистерге Жандос Өмірәлиев.

Бас прокурордың орынбасары Қуандық Бишімбаевтың туысы қылмысты жасырғаны және полицияға хабарламағаны үшін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанына тоқталды.

«Сіздерге ағасы ма, інісі ме, қазір айта алмаймын, туысы екені анық. Ол сол күні қасында болған, полицияға ауыр қылмыс жасалғаны туралы хабарламаған. Бұған қоса қылмысты жасыруға көмектескен. Мұндай әрекетке қатысты Қылмыстық кодексте жеке бап бар», – деп түсіндірді Жандос Өмірәлиев.

Ол тергеу органдары қылмыстық істі апта сайын талқылап жатқанын, қылмыстық іс бас прокурордың ерекше бақылауында тұрғанын айтты.

«Қылмыстық іс бойынша барлық тиісті сараптама тағайындалды. Сіздерге барлық ақпарат берілді. Марқұмның өлімі Қуандық Бишімбаевтың заңсы іс- әрекетінің нәтижесі екені сөзсіз. Қылмыстық істің нәтижесі бойынша, сараптама әзірленгеннен кейін тергеу органдары қосымша хабарлайды, – деді бас прокурордың орынбасары.

9 қарашада Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ер адамның қамалғаны, оның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев болуы мүмкін екені хабарланды.

10 қарашада экс-министрдің жұбайы Салтанат Нүкенова Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі «Bau» мейрамханасында қайтыс болғанын белгілі болды. 

Дәл осы күні Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ұсталған экс-министр Бишімбаевтің 5 жыл бұрын жемқорлық бабымен сотталып, 2019 мерзімінен бұрын босап шыққаны жарияланды.

Бұған қоса күдікті Қ.Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.

11 қарашада Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға көңіл айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жиіркеніш туғызатын жағдайға жеткенін жазды. Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт: « бұл кейс Қ.Бишімбаевты соттаумен ғана шектелмеуі тиіс» екеніне назар аударды.

Астана қаласының полиция департаменті «мейрамханадағы әйел өліміне» қатысты іс бойынша ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
13 қарашада Астана қалалық полиция департаменті Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты «Гастро орталық» басшысын қамауға алды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қ.Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

16 қарашада Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев журналистердің: «Бишімбаев ісінде» неге тергеушілер қайта-қайта ауысып жатыр?» – деген сұрағына жауап берді.

«Ондай мәлімет жариялауға жатпайды. Бірінші күні оқиға орнына кезекші тергеу тобы жіберіледі. Ертеңінде тергеу басқа маманға тапсырылуы мүмкін. Сондықтан осындай мәлімет тарап жатқан шығар. Қайталап айтамын, бірінші күні оқиға орнына арнайы топ шығады. Одан кейін іс нақты бір адамға тапсырылады. Оның жанында тағы тергеушілер болады. Қылмыстық істі жалғыз адам тергемейді, топ болып тергеуі мүмкін», – деп жауап берді вице-министр.

Сондай-ақ оқыңыз