ЭЫДҰ болжамы – 2024 жылы жаһандық экономикалық өсім 2,7%-ға баяулайды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2024 жылғы жаһандық экономика динамикасына қатысты болжамын 2,7%-ға дейін нашарлатты.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қарашадағы болжамына сәйкес, биылғы жылдың соңында әлемдік экономиканың өсімі 2,9%-ды құраса, келесі жылы бұл көрсеткіш 2,7%-ға дейін баяулайды, ал 2025 жылы 3%-ға көтерілуі мүмін.

«Әлемдік экономика төмен өсу және инфляцияның жоғарылауы сияқты қиындықтарға тап болуда. Соған байланысты келесі жылы өсім аздап баяулайды», – дейді ЭЫДҰ Бас хатшысы Маттиас Корманн.

Корманның айтуынша бұл негізінен соңғы екі жылдағы ақша-несие саясатының қатаңдауымен тікелей байланысты. Ұйымның мәліметінше, 2024 жылы ақша-несие саясатының қатаңдауы мен бизнес пен тұтынушылардың сенімінің төмендеуі қатыттарқ сезілетін болады. Бұл орайда экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендей қоймайды. Экономикасы қуатты елдерде 2024 жылға дейін, ал кейбір елдерде 2025 жылға дейін өсім төмендемеуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында тауар айналымының көлемі 1,5%-ға қысқарған. Ал қызмет көрсету саудасы керісінше 6,4%-ға өскен. ЭЫДҰ бұл динамиканы Азиядағы саяхатшылардың белсенділігімен байланыстырады. Бұл өз кезегінде ьуризмнің дамуына жол ашқан.

Сонымен бірге болжамға сәйкес Қытай экономикасы биылғы жылы ең жылдам өсім көрсетуі мүмкін. Қытай экономикасы осы жылы 5,2%-ға, келесі жылы 4,7% және 2025 жылы 4,2% баяулайды деп күтілуде. ЭЫДҰ бұл динамиканы жылжымайтын мүлік нарығындағы алаңдаушылықпен және үй шаруашылығы жинақтарының жоғары деңгейімен түсіндіреді.

Ал 2024 жылы экономикалық өсім жөнінен Үндістан мен Индонезия көш бастайды. Үндістанның экономикасы алдағы жылы 6,1%-ға көтерілсе, Индонезияда 5,2%-ға артпақ.

Жыл соңына қарай АҚШ-тың ЖІӨ өсімі 2,4%, 2024 жылы – 1,5%, ал 2025 жылы 1,7% өседі. Сарапшылар мұны ақша-несие саясатының жұмсаруымен түсіндіреді. Еуроаймақтағы экономикалық өсім биылғы жылдың соңында 0,6 пайызды құраса, 2025 жылы ол 1,5 пайызға дейін өсуі мүмкін.

«Жаһандық экономиканың өсу қарқынының төмендеуі елдердің ұлттық қарызының ұлғаюына әкеледі»,- деп хабарлайды ЭЫДҰ.

Бұл мәселені шешуі үшін ұйым инвестицияны ұлғайтуды, компаниялар арасындағы бәсекелестікті арттыруды және жаһандық мәселелерді шешу үшін көпжақты ынтымақтастықты жақсартуды, соның ішінде жаһандық сауда ағындарын арттыруды ұсынады.

Маусымдағы ЭЫДҰ есебінде сарапшылар биылғы жылдың соңында жаһандық экономикалық өсім бір жыл бұрынғы 3,3% өсіммен салыстырғанда 2,7% болады деп болжаған, ал 2024 жылы олар 2,9% өсуді күткен.

Осыған дейін Халықаралық валюта қоры да жаһандық экономика орта мерзімді перспективада бұдан әрі әлсіреуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева жаһандық экономиканың қалпына келгеніне қарамастан, жаһандық ЖІӨ өсу қарқыны әлсіз және пандемия басталғанға дейінгі соңғы екі онжылдықта байқалған 3,8% орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен екінін айтқан болатын.

Fitch агенттігі де маусым айында 2024 жылға жаһандық ЖІӨ болжамын төмендетіп тастады. Агенттік 2024 жылға арналған жаһандық ЖІӨ өсімінің болжамын 2,4%-дан 2,1%-ға дейін төмендеткен.

Сондай-ақ оқыңыз