Алматы ЖЭО-сын жаңғырту: Еуразиялық даму банкі «Самұрық-Қазына» еншілес компаниясының облигацияларын сатып алады

Жарияланды
Алматы ЖЭО-3 жаңғыртуға Еуразиялық даму банкі көмектеседі / Фото: kursiv.media

АлЭС пен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Алматы ЖЭО-3 реконструкциялау жобасын бірлесіп жүзеге асыру туралы арнайы келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Самұрық-Қазына» компаниясының баспасөз қызметі.

Келісім шеңберінде Еуразиялық даму банкі Алматы ЖЭО-3 қайта құру жобасын іске асыру мақсатында AлЭС шығарған тұрақты даму облигацияларын (ESG) сатып алуды жоспарлап отыр.

Келісімге қол қою рәсімі Астана халықаралық биржа алаңында (AIX) өткен. Сондай-ақ Астана халықаралық биржа алаңында АлЭС-тің тұрақты дамуға қатысты алғашқы облигациялық бағдарламасы да тіркелді. Оның жалпы номиналының көлемі 239,8 млрд теңгені құрайды. АлЭС-тің тұрақты даму облигацияларының дебюттік шығарылымы АХҚО-ның Жасыл қаржы орталығының қолдауымен жүзеге асырылған.

«ЕАДБ-дан бөлек, бұл жобаға басқа да даму институттары мен екінші деңгейлі банктер әлеуетті инвестор бола алады. Облигациялық бағдарламаны шығару және орналастыру бойынша қаржылық кеңесші және андеррайтері – «Sky Bridge Invest» АҚ»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Айта кетсек, «қуаттылығы 500 МВт құрайтын Алматы ЖЭО-3 газ қондырғысын орнату жөніндегі» инвестициялық жобаға «Самұрық-Энерго» АҚ еншілес кәсіпорны – АлЭС жүргізіп жатыр. Жоба негізінде станцияның ескірген көмір жабдығының орнына табиғи газды пайдаланатын заманауи экологиялық таза аралас циклді энергоблоктарды орнату көзделіп отыр.

Еске сала кетсек, осыған дейін  Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Алматыдағы 2-ЖЭО 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен, ал 3-ЖЭО 2026 жылы газға көшірілетінін мәлімдеген болатын.

Ал мамырда Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіретін мердігер ретінде қытайлық консорциум таңдалғаны белгілі болды.

Мердігерді анықтау үшін, «Алматы ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып, жаңғырту» жобасы шеңберінде, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) халықаралық стандарттары мен қағидалары бойынша өткен екі кезеңді ашық халықаралық тендер өткізілген. Тендер өткен жылдың қазан айында жарияланған болатын. Барлығы 6 қатысушыдан өтінімдер келіп түсті. Тендердің 2-кезеңі аясында екі өтінім қаралған. Нәтижесінде, ЕҚДБ ережелеріне сәйкес, конкурс өтті деп саналады және банк 2023 жылдың мамыр айының соңында оның жеңімпазы – үш қытайлық компанияның консорциумын растады.

Сондай-ақ оқыңыз