Үкімет қойған меже: Қазақстандағы жылдық инфляция 10,3%-ды құрады

Жарияланды
Шығарушы редактор

Қараша айында еліміздегі инфляция жылдық мәнде 10,3%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Азық-түлік тауарларының бағасы – 9,2%, азық-түлік емес тауарлар – 9,9%, ақылы қызметтер 12% өскен.

«2022 жылғы қарашамен салыстырғанда қырыққабат – 55,8%, күріш – 37,3%, жүзім 43% қымбаттады. Парацетамол бағасы – 74,4%, ацетилсалицил қышқылы – 39,7%, йод 21,7% өсті. Қоқыс шығаруға арналған тарифтер – 36,3%, су бұруға – 29,1%, орталықтан жылытуға – 25,6%, суық суға – 22,3%, ыстық суға – 20,2%, электр энергиясына – 16,7%, тұрғын үйді күтіп ұстауға 8,1% өсті», – делінген ресми хабарламада.

Әуе жолаушылар көлігі қызметтерінің бағалары – 27,5%, теміржол көлігі 8% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 20,9%, құмшекер – 16,9%, күнбағыс майы 16,4% арзандады.

Тұтыну бағаларының айлық индексі 2023 жылғы қарашада 1% болған. Бір айда ақылы қызметтер – 1,7%, азық-түлік тауарлары – 0,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,5% қымбаттаған.

Осы айда инфляцияның өсуіне коммуналдық қызметтер тарифінің өсуі ықпал еткен, Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Павлодар облысында – 1,6%, ең төменгі – Жетісу және Ақмола облыстарында 0,6%-дан тіркелген.

Өңірлер бойынша азық-түлік Ақтөбе облысында қымбат болса, азық-түлік емес тауарлары – Қарағанды облысында 1,4%, ақылы қызметтер Жамбыл және Павлодар облыстарында 4,1% өскен

 2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді. Ал наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфлияцияны екі есе азайтуды тапсырған болатын.

Сол кезде қайта тағайындалған Үкімет басшысы орта мерзімді кезеңде экономика өсімін 5%-ға дейін жеткізіп, жыл аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – басты міндетіміз деген болатын.

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов Сенат отырысында жылдық инфляция төмендеп, алдағы айларда бір таңбалы мәнге өтеді деп мәлімдеген.

Нарық қатысушылары да 2024-2025 жылдары инфляция төмендеп, теңге құнсызданатынын болжады. Атап айтқанда, Қазақстанда инфляция 7-8 пайыз деңгейінде, ал ЖІӨ өсімі 4,5-5 пайызға жетеді деп күтілуде.

Инфляция екі есе төмендейді дегенімен, сарапшылар инфляцияның баяулауы – азық-түліктің арзандауы емес деп тұжырымдайды.  Бұған бір себеп – негізінен шикізаттық ел екеніміз болса, екінші себеп – Ресейден келетін арзан тауарға тосқауыл қоя алмай отырғанымыз. 

Сондай-ақ оқыңыз