Freedom Broker сарапшылары Kcell акцияларын сатуға кеңес береді

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Кселл

Фото: kursiv.media

Freedom Broker Kcell-дің тоқсандық есебін талдап, компания акцияларының мақсатты бағасын анықтаған. Kcell-дің бағалы қағаздары алдағы уақытта 24 пайыз арзандауы мүмкін. Сондықтан Freedom Broker шолуында сарапшылар компанияның акцияларын ұстаушыларға оларды сатуды ұсынады.

Қазір компанияның бір акциясын 1944 теңгеден саудаланып жатқанымен, мақсатты бағасы 1490 теңге болып белгіленген. Қазіргі кезде компанияның 200 миллион акциясы еркін айналымда жүр.

Сарапшылардың айтуынша, 2023 жылдың 3-тоқсанында компанияның тоқсандық кірісі өткен жылмен салыстырғанда 3,7%-ға азайып, мемлекеттік субсидияларды есепке алғанда 56 млрд теңгені құраған.

Мамандар мобильді құрылғыларды сатудан түсетін тоқсан сайынғы кірістің 5-ші тоқсан қатарынан төмендеп келе жатқанын атап өтеді.

Үшінші тоқсанда Kcell-дің үлкен шығыны 31 млрд теңгені құраған, бұл өткен тоқсанның нәтижесінен 69 млрд теңгеге аз. Дегенмен, бос ақша ағыны теріс болып тұр: үшінші тоқсанда – 23 млрд. Бұл қарыздың 22 млрд теңгеге өсуіне әкеп соққан. Осылайша, акционерлер 2023 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд алатындарына аса сенбей отыр.

Осы жайттарды ескере отырып, сарапшылар компания акцияларын сатып жіберген жөн екенін айтады.

Ақпан айының соңында Kcell 5G желісін дамыту үшін негізгі акционері «Қазақтелеком» ұлттық компаниясынан 40 млрд теңге несие алғанын хабарлады. Сол кезде компанияның мәлімдемесінде мәміле нәтижесінде активтердің жалпы құнының 10 пайызына тең немесе одан жоғары, бірақ 25 пайыздан аз сомаға мүлік алынғаны немесе иеліктен шығарылғаны айтылған.

Компанияның басқа да несиесі бар. Қарашаның басында ол айналым капиталын қаржыландыру үшін 90,5 млрд теңге кредит алатыны белгілі болды.

Сонымен қатар, Kcell қыркүйек айында Jusan Bank-тің талап етуімен 40 млрд теңге қарызын мерзімінен бұрын өтеген. Өйткені Kcell аффилиирленген тұлға және банкпен ерекше қатынастармен байланысты компанияға айналған. Оған себеп – тамыз айының басында Jusan Bank акционері Ғалымжан Есенов Kcell ұялы байланыс операторындағы дауыс беретін акцияларының 10%-дан астамын иеленуі.

Қазақстан қор биржасындағы жария мәліметке сәйкес, байланыс операторының 51 пайыз акциясына «Қазақтелеком» АҚ иелік етеді. Ал 14,87 пайыз акциясы Ғалымжан Есеновке тиесілі болса, 9,08 пайызы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-нің меншігінде. Қалған 7,06 пайыз акциясы Single accumulative pension fund JSC тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз