Назарбаев өз өмірі жайлы: Бодандықтан – бостандыққа

Жарияланды
Назарбаев өз өмірі жайлы: Бодандықтан – бостандыққа / Е.Азанбектің парақшасынан

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш президент күнінде өз өмірі жайлы кітабын жарыққа шығарды.

Назарбаевтың сайтында «Менің өмірім: Бодандықтан – бостандыққа» кітабын «Меломан» және «Алматы кітап» дүкендер желісіне түскені туралы жазылған. «Алматы кітап» баспасының сайтында кітап 5890 теңге деген бағамен тұр.

«Жеке сырын ағынан жарылып айтуы, Қаңтар оқиғасына қатысты пайымдауларын ортаға салуы тұңғыш президенттің бұл кітабының салмағын арттыра түседі», делінген сайттағы хабарламада.

Қазақ тілінде 7 500, орыс тілінде 7 500 данамен жарық көрген кітап «Фолиант» баспасынан шыққан. Баспадан кітап туралы толығырақ ақпарат сұрап хабарласқан едік.

«Келісімшарт бойынша ешқандай ақпарат бере алмаймыз», деп жауап берді баспа.

7kun сайтының жазуынша, «Мемуар мұраты» деп аталатын кіріспе Назарбаевтың президенттіктен кету туралы шешім қабылдап, сол тұстағы Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтқаны, ертеңінде телеарналар арқылы Үндеу жариялап, президенттіктен кеткені туралы оқиғадан басталады.

Orda.kz сайтының хабарлауынша, кітапта Назарбаев өзінің екінші әйелі аталатын Әсел Исабаевамен бейресми түрде діни некеге отырғанын, бұл некеде Тауман және Байкен есімді екі ұлы бар екенін жазған. 

Кітапта экс-президенттің жеке өмірінен бөлек, Жаңаөзен оқиғасы, «билік транзиті» мен Қанды Қаңтар оқиғасына арналған бөлімдер бар. Orda сайты кітапта Назарбаевтың Қанды Қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздікке «радикал оппозицияны», дәлірек айтқанда шетелде қуғында жүрген банкир Мұхтар Әблязовты кінәлайтынын жазған.

Айта кетейік, 2011 жылдан бері парламент депутаттарының ұсынысынан кейін, 1 желтоқсан Тұңғыш президент-Елбасы күні ретінде аталып өтілген. Бұл Назарбаевтың 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен тұңғыш президент сайлауында жеңіс жеткенін және оның «мемлекет алдындағы еңбегін таныту» мақсатында пайда болған мереке еді.

Алайда 2022 жылдың 29 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бұл дата мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.

Соңғы рет Нұрсұлтан Назарбаев ел алдына 18 қарашада шыққан. Ол Астанадағы Республикалық бас мешітте інісі Болат Назарбаевтың рухына арнап ас берген.

Сондай-ақ оқыңыз