Жаңа «Масс-медиа» заң жобасы арқылы Балаева басқаратын министрлік қазақ тілін дамыту туралы Үкімет қаулысына қарсы шығып тұр ма?

Жарияланды
Жаңа «Масс-медиа» заң жобасы арқылы Балаева басқаратын министрлік қазақ тілін дамыту туралы Үкімет қаулысына қарсы шығып тұр ма / shutterstock

30 қарашада Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева таныстырған «Масс-медиа туралы» заң жобасында қазақ/орыс тілдерінде ақпарат тарату тиісінше 60/40% болып бекітілген. Алайда журналист Халима Тәжіқұл бұл норманың №914 үкімет қаулысына қайшы келіп отырғанын айтады.

«2023-2029 жылдарға арналған ҚР тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы бар. Ол Үкіметтің 914-ші қаулысымен бекітілген. Яғни аталмыш қаулы да «мемлекеттік телеарналардағы қазақтілді телебағдарламалардың үлесі 2029 жылға дейін 84% болады» дейді. Ал «2023 жылы 70% болуы керек» делінген. Алайда министрліктің кешегі ұсынған заң жобасында қазақ/орыс тілдерінде ақпарат тарату 60/40 болуы керек деп жазылған», дейді журналист.

Ол журналистер жобаны талқылау кезінде үкімет қаулысындағы «2023 жылы қазақ тілінде ақпарат тарту 70% болуы керек» деген нормаға сүйеніп, «Масс-медиа туралы» заң жобасына қазақ/орыс тілдерінде ақпарат таратуды 70/30% деп белгілеуді ұсынғанын айтты. Алайда министрліктің Мәжіліске ұсынып, депутаттар бірінші оқылымда қабылдаған заң жобасында қазақ/орыс тілдерінде ақпарат тарату 60/40% деп белгіленген.

1 желтоқсанда журналистер мен қоғамдық ұйым өкілдері Мәжіліс қабылдаған «Масс-медиа туралы» заңға қатысты тағы бір талқылау өткізіп, заңдағы қайшылықтармен кемшіліктер туралы сөз қозғады.

Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты журналистер мен құқық қорғаушылардың екі жыл бойы  ұсынған ұсыныстары тысқары қалып, ал заңға кіруі мүмкін деген ұсыныстардың да қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы ақпарат жоқ екенін айтты. Себебі Мәжілістегі талқылау кезінде журналистердің айтқан ұсыныстары сөз болмаған.

«Amanat фракциясы пресс-картаға қарсы, басқа әріптестер кейбір дүниелерге қарсы, бірақ мұның барлығы дерлік екінші оқылымда қалай өзгеретіні және екінші оқылымның қашан болатыны белгісіз. Кеше (Масс-медиа туралы заңды дайындаған) жұмыс тобының төрағасы Жанарбек Әшімжан мырзадан жобаның толық мәтінін ұсынуды сұрағанбыз. Бірақ көмекшілері толық мәтіннің әлі дайын емес екендігін айтты. Дайын емес жобаны бірінші оқылымда бекітіп жібергені де біздің ой санамызға сыймай отыр», деді Смақов.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясында медиа қауымдастықтың «Масс-медиа туралы» заң жобасына ұсынған мәселелері жарияланды:

  • Тек пресс-карта «иелеріне» емес, барлық БАҚ өкілдеріне арналған жеңілдетілген аккредитация тәртібі, пресс-картаға қатысты норманы толықтай алып тастау;
  • Журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және журналистер құқығын бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту;
  • БАҚ-қа арналған бюджет қаржысын бөлудің ашықтық пен есептілікке құрылуын қамтамасыз ету;
  • Жала жабу туралы істер бойынша ескіру мерзімін бір жылға дейін шектеу;
  • Редакция тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • «Жария тұлға» және «қоғамдық мүдде» түсінігін енгізу;
  • Ақылы материалдарға белгі қою;

30 қарашада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс депутаттарына «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды. Министрдің сөзінен кейін пікірталасқа араласқан депутат Айдос Сарым заң жобасын журналистермен талқылау кезінде «баспасөз картасына» қатысты қарсылық болғанын айтты.

«Журналистердің пікірінше, бұл норма журналистерді алалауға, бөлуге алып келуі ықтимал. Журналистер арасында теңсіздік тудырып, құқықтарын шектеуі мүмкін. Қоғамдық палата өкілдері де «баспасөз картасы» журналистің еркіндігімен ақпарат алу мүмкіндігін шектеуге бағытталған норма деп отыр», – деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз