Жаңалықтар

Алматының 5 ірі көшесі ұзартылады: әкімдік осы мақсатқа көптеген жер учаскесін сатып алады

Алматыда 5 көше ұзартылады
бакад
Алматыда 5 көше ұзартылып, ҮАААЖ-ға қосылады / Фото: Алматы әкімдігі

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Алматыда 5 көше ұзартылады. Бұл жайлы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҮАААЖ бойынша бес радиалды жолды ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні ұзындығы 3,2 км құрайтын Саин көшесін ұзарту бойынша жұмыстар 65%-ға аяқталған.

«Осы жоба бойынша 66 жер учаскесін алу қарастырылуда, оның 65-сі бүгінгі күні сатып алынды. Жұмыс біртіндеп жүргізілуде. Жұмыстарды жүргізу кестесі бойынша Рысқұлов даңғылынан Мөке би көшесіне дейін Саин көшесін ұзартуды аяқтау және пайдалануға беру 2024 жылдың қыркүйегіне жоспарланған», деді Қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Әбжахан.

Сондай-ақ, Рысқұлов даңғылын-Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Оның жалпы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. Ернұр Әбжаханның айтуынша, бұл жоба бойынша жұмыстар енді ғана басталды.

«Жобада 274 жер учаскесін алу көзделген. Бүгінгі таңда 56 учаске бойынша қаулы қабылданды. Бұл бағытта жер қатынастары басқармасының жұмысы жалғасуда. Нысанды аяқтау және іске қосу 2025 жылға жоспарланған», деп атап өтті Әбжахан.

Абай көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша, жоспарланған жұмыстардың 5,3 шақырымға ұзартылады. Қазіргі таңда 4,7 шақырым жолдың жұмысы аяқталған. Қазіргі таңда қалған 600 метр жол бөлігі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Бұл жоба түзету сатысында тұр, қазір мемлекеттік сараптама жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шыққан соң, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Ал 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр», деп мәлімдеді Ернұр Әбжахан.

Ол сонымен бірге Тілендиев көшелері мен Солтүстік айналма жолды ұзарту бойынша ЖСҚ әзірленіп жатқанын, оның да 2024 жылдың соңында қолданысқа берілетінін айтты. Жалпы «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» бойынша барлық жұмыс 2027 жылға дейін аяқталуға тиіс.

Еске сала кетсек, жазда Әл-Фараби даңғылындағы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 8 жолаққа дейін кеңейтілді.

Бұған дейін қала әкімдігінің баспасөз қызметі биыл Алматының 230 көшесін жөндеуге 20 млрд теңге кететінін хабарлаған болатын.