Қазақстан Қарулы күштерінің қауқары қандай?

Жарияланды
Қазақстанның әскери қауқары қандай / Қорғаныс министрлігінің ресми сайты

Әлем елдерінің әскери қауқары рейтингінде (Global Firepower) Global Firepower Қазақстан 1,0873 индекспен 63-орынға орналасты. Бұл – айтарлықтай жақсы нәтиже емес. Қарулы күштеріміздің қауқары мен күш-қуатын осыдан-ақ бағамдай беруге болады.

Өзге елдер қай орында. Көш басындағы алғашқы 3 орынды АҚШ, Ресей және Қытай өзара бөліскен. Үндістан төртікті түйіндесе, Ұлыбритания бесінші орынды иемденген. Ал Оңтүстік Корея алтыншы орынды меншіктеген.

Ресеймен қақтығысып жатқан Украина 15-орыннан көрінсе, Армениямен соғысып, Таулы Қарабақты қайтарып алған Әзербайжан 57- орыннан менмұндалайды. Беларусь – 60, Өзбекстан 62 – тұғырда. Қазақстан 63 – орынды місе тұтып тұр. Бізден кейін Түрікменстан – 82, Грузия – 85, Армения – 94, Қырғызстан – 107, Тәжікстан – 120-шы орынға табан тіреген.

Сарапшылар рейтингті қорғаныс саласына бөлінетін қаржы, танк, кеме, ұшақ сияқты әскери арсеналдың саны, әскердің жауынгерлік қабілеті сынды 60 түрлі деректі негізге ала отырып түзген.

Қорғаныс саласына қай ел қанша қаржы бөледі. Рейтингте ТМД елдерінің ішінде Ресей қорғаныс саласына – 82,6 млрд, Украина – 30 млрд, Әзербайжан – 3,1 млрд доллар жұмсайтыны жарияланды. Бір қызығы, Қазақстанның алдында тұрған Беларусь пен Өзбекстанның Қарулы күштерді қамтамасыз етуге аз ақша бөлетіні көрсетілген. Салыстыратын болсақ, Қазақстан әскеріне – 2,6 млрд доллар, Беларусь – 723,1 млн, Өзбекстан – 692,5 млн доллар қарастырады деп жазылған.

Қазақстандағы әскери қызметкерлердің саны қанша. Global Firepower қазақ еліндегі әскери қызметкерлердің жалпы саны 77 мың адам, оның 45 мыңы белсенді әскери қызметкерлер, 32 мыңы әскерилендірілген құрама деп көрсеткен.

Құрлықтық күштің қуаты қандай. Сарапшылардың жазуынша, құрлықтық күште – 300 танк, 5 200 – бронды тасымалдаушы, 246 – өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы, 456 – сүйретілетін артиллериялық қондырғы және 407 – көп реттік зымыран жүйесі бар.

Қазақстан авиациясында қанша ұшақ, қанша тікұшақ бар. Ұсынылған деректе қазақ елінің авиациясында – 237 ұшатын техника, оның ішінде – 75 жауынгерлік тікұшақ, 39 – шабуылдаушы ұшақ, 81 – жойғыш, сонымен қатар 25 оқу-жаттығу және 17 әскери-көлік ұшағы бар екені нақтыланған.

Франциядан ұшақ сатып алу. 30 қарашада Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде әскери авиацияның дамуына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Осы жиында ҚР Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары, қару-жарақ бас басқармасының бастығы, полковник Ержан Нілдібаев Қазақстан Франциядан әскери ұшақ сатып алмайтынын мәлімдеді.

«Бірден айтайын, бұл жаңалық көңіл-күйіңізді түсіруі мүмкін, мұндай жоспар болған жоқ, келіссөз жүргізілген жоқ. Жақсы ұшақ, жақсы көлік, бірақ бағасы қымбат. Сондықтан біз «баға – сапа» мәселесін таңдаған кезде Су-30 СМ ұшағына тоқтаймыз», – деді Ержан Нілдібаев.

Бұған дейін Францияның Dassault Aviation аэроғарыштық компаниясы Өзбекстан мен Қазақстанға Rafale әскери ұшағын сатқысы келетінін жариялады. Бұл ақпаратты француздардың La Tribune газеті таратты.

Бұл туралы kursiv.media «Макрон сапарының сыры: Қазақстан Франциядан әскери ұшақ сатып ала ма?» деп жазды.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін kursiv.media тілшісі әскери сарапшы Амангелді Құрметұлына хабарласты.

«Менің білуімше, қателеспесем, болашақта Қазақстанға Airbus A400M ұшағы келеді. Алдағы уақытта C-295 ұшағын алуымыз ықтимал шығар. Бірақ нақты дерегін білмеймін. «Еурокоптердің» бірнеше ұшағы бар. Басқа ұшақ алатынымыз туралы әңгіме жоқ. Өткенде La Tribune деген Францияның газеті ғана «Қазақстан Rafale алуы мүмкін» деген болжам айтты. Әзірге ол келісім жасалған жоқ болуы керек. Rafale әскери ұшағын алса, Өзбекстан алатын шығар, бірақ біз әлі шешім қабылдамаған сияқтымыз. Өз басым күмәнданамын. Rafale алған жағдайда оған ұшқыштарды дайындау керек деген қосымша әңгіме тағы шығады. Rafale әскери ұшағына бізде қолданатын зымырандардың сәйкестігі, тағы басқа деген мәселе тағы шығады», – деді әскери сарапшы.

Амангелді Құрметұлының айтуынша, Әуе қорғанысы күштерін жетілдіру өзекті мәселе. Қазір зымыран соққысына қарсы күрес ерекше маңызға ие. Жаяу әскерді гранатаметтермен, шағын гранаталармен қамту да назардан тыс қалмауы керек.

Арттилерияны жетілдіріп, дүркіндетіп ататын арттилериялық қондырғыларды да тиісінше қолдана білу қажет. Мұндай қаруларды Израиль мен Түркиядан алуға болады.

«Бізге НАТО үлгісіндегі қаруларға ұмтылған дұрыс. Қажет болса, Қытайдан да алу керек. Осыған дейін біз француздармен бірігіп радиолокациялық қондырғы жасадық. Түріктердің дрондарын өндіретін кәсіпорындарды бірлесіп ашу туралы келісім жасалды. Өз басым Қорғаныс министрлігінің бұл бағыттағы саясаты дұрыс деп есептеймін. Әлі де тереңдеткен жөн шығар деген көзқарасым бар. Өйткені Түркия армиясын NATO стандартымен жасақтаған мемлекет», – деді әскери сарапшы.

Қазақстан Ресейден С-25 ұшағына ұшу тренажерын сатып алды. Бұл Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы Дәурен Қосановтың дерегі.

Желтоқсан айында Чехиядан ұшқыштарды дайындау үшін 2 L-410 жеткізіледі. Сонымен қатар Қарағанды авиациялық базасына арналған Су-30 СМ оқу-жаттығу кешені келеді. Жыл соңына дейін Иркутск авиациялық зауытынан 4 Су-30 СМ ұшағы мен ТОР-2МК зениттік-зымыран кешенінің батареялары алынады.

Ал 2024 жылы 6 Су-30СМ ұшағына ие боламыз. Бұл – әлемдегі ең мықты көпмақсатты жауынгерлік ұшақ.

Бүгінгі таңда Әуе қорғанысы күштері Үкімет бекіткен қайта қаруландыру бағдарламасына сәйкес авиациялық флот пен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жаңартып жатыр. Осы уақытқа дейін Қазақстан мен еуропалық Airbus Military авиациялық концерні арасында жасалған келісім шеңберінде әуе кемелерінің паркі С-295 әскери ұшағымен толықты. Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік және жауынгерлік тікұшақтары алынды.

Әскери-көліктік авиация паркі Zlin оқу-жаттығу ұшақтарымен, ЕС-145 тікұшақтарымен, Ми-35М көліктік-жауынгерлік тікұшақтарымен толықты. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникасы паркі жаңартылды. С-300ПС, С-200, С-125 зениттік-зымыран кешендері мен отандық «Нұр» радиолокациялық станциясы сақадай сай тұр.
Бук-М2Э зениттік-зымыран кешенінің дивизионы жауынгерлік қызметін атқарып жатыр. Бұған қоса Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінің арсеналында Wing Loong-1, Anka және Skylark барлау ұшқышсыз шабуылдаушы дрондар бар.

Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов kursiv.media тілшісіне берген сұхбатында Франция Қазақстанға сатады делінген Rafale әскери ұшағы ескірген техника екенін айтты.

«Ержан Нілдібаев айтып отырғандай, мәселе Rafale ұшағының бағасында ғана емес, Rafale жаңа ұшақ болып саналмайды», – деді Ермек Сейітбатталов.

Әскери сарапшы Әуе қорғанысы күштерінің қауқары қандай екенін анықтау мақсатында стратегиялық жоспар құрып, әскери зерттеу жасау қажет екенін мәлімдеді.
Ермек Сейітбатталов әскери ұшақтарды әр елден ала беруге болмайтынын түсіндірді.

«Мысалы Франциядан, Израильден, Қытайдан әскери техника алсақ, оның барлығын басқару, игеру өте қиын болады. Қосалқы бөлшектер қымбат тұрады. Ұшқыштарды, жерден басқарушыларды даярлауға да қыруар қаржы қажет. Соғыс кезінде әуедегі ұшқышқа жерден көмек көрсетіп, әскери амал-айла қолдану үшін білім қажет», – деді әскери сарапшы.

Ермек Сейітбатталов қазір Ресейдің қаруы өзіне жетпей жатқанын тілге тиек етіп, мұның Қазақстанға кері әсері тиетінін мәлімдеді.

«Санкцияның салдарынан Ресейден алынатын әскери техниканың бөлшектері тапшы бола бастайды. Ресейдің әскери техникасы бұған дейін де мақтамайтын. Алдағы уақытта оның сапасы қазіргіден де нашарлауы мүмкін. Осыны ескеріп, бізге басқа стратегия, басқа тактика құру қажет», – деді сұхбат беруші.

14 қарашада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанда 117 жойғыш ұшақ жойылатынын жариялады.
«Қазақстанда 117 жойғыш ұшақты жойып жіберуге шешім қабылданды» – делінді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарламасында.

Ресми мәліметке сәйкес, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) бұйрығы бойынша МиГ-23УБ, МиГ-27, МиГ-29, МиГ-31 және Су-24МР – барлығы 117 авиатехника пайдаланылмайтын мүлік тізбесіне енген.

«Олар Қазақстан Республикасының аумағында кесу әдісімен кәдеге жарату арқылы жою шартымен электрондық тендерге шығаруға жатады. Негізгі шарт – оны толығымен жою», – деп нақтылады министрліктің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, барлық ұшақтың техникалық жай-күйі мен пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Оны ары қарай пайдалануға болмайды. Ал үшінші тұлғаларға өтіп кетпеуіне жол бермеу үшін кесу және басқа да жолымен жою қажет.

Қазақстан қорғаныс саласында қай елмен ынтымақтастық орнатып жатыр. Елімізде 2024 жылдың көктеміне дейін Түркияның Anka дрондары сынақтан өткізіледі. Барлығы ойдағыдай болса, Anka дрондары Қазақтанның әскери техникасының қатарына қосылады.

«Тестік ұшулар – қабылдау кезеңдерінің бірі. Кешенді тәжірибелік әскери пайдалану 2024 жылғы наурыз айының ортасына дейін жалғасады, – деді осыған дейін берген сұхбатында Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және жауынгерлік қолдану оқу орталығының басшысы Шоқан Мұсабеков.

Anka дроны Таяу Шығыс пен Қарабақ соғысында қолданылды. Бұл дрон алысқа ұшады және әуеде 300 келі салмақты тасымалдайды. Тағы бір ерекшелігі мұз қатудан қорықпайды. Әуеге ауа температурасы төмен болған кезде де көтеріле береді.

Естеріңізге салайық, Түркия Қазақстан аумағында Anka дрондарын жасауға келісті. Ал Қазақстанның «Зенит» зауыты түрік қорғаныс компаниясы ASFAT және YDA Group-пен Қазақстан әскери-теңіз күштері үшін әскери кеме жасау туралы келісімге қол қойды. Бұған дейін біздің ел Ресейден, АҚШ-тан, Оңтүстік Кореядан және Германиядан кеме сатып алды.

Бұдан біраз бұрын Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі кешенін әртараптандыруға басымдық беріп жатқанын жариялап, НАТО-ға мүше елдерден де қару-жарақ пен әскери техника және әскери технология алуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.

Айта кетейік, Астанада отандық әскери техника шығаратын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауыты бар. Мұнда «Арлан», «Алан», «Номад», «Барыс» деген брондалған машина, «Барыс» БТР-і жасалады.

12 қазанда елімізде «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры» құрылатыны белгілі болды. Оның жарғылық капиталына республикалық бюджеттен 265 млн 722 мың теңге бөлінеді. Қордың кәсіпорындарды қолдауға қанша қарастыратыны нақтыланып жатыр.

Аты аталған қор қорғаныс саласына қатысы бар кәсіпорындарды қолдау үшін оларға жеңілдетілген мөлшерлемемен несие беру ісімен айналысады.

Сондай-ақ оқыңыз